Заманауи технологиялар мен профилактика: Павлодар облысында балалардың жазғы қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде

Заманауи технологиялар мен профилактика: Павлодар облысында балалардың жазғы қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті балалар жарақатының алдын алу және жазғы демалыс кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмысты жалғастыруда.

          Жаз мезгілінде балалардың сауықтыру лагерлеріндегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Департамент қызметкерлері балалар үшін өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, терезеден құлап кетудің алдын алу және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету бойынша оқыту сабақтарын, викториналар мен практикалық жаттығулар өткізуде. Бүгінгі күні облыстағы 11 балалар лагерінің 10-ында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.

          Жыл басынан бері өңірде 26 профилактикалық рейд өткізіліп, тұрғындармен 13 кездесу және ата-аналарға арналған 23 жиналыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1 630-дан астам ақпараттық-түсіндіру материалы таратылды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдауымен облыстағы әлеуметтік осал санаттағы 120 отбасының терезелеріне арнайы қауіпсіздік блокираторлары орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

          Профилактикалық жұмыста заманауи тәсілдерді енгізуге ерекше мән берілуде. Серіктестермен бірлесіп балалар қауіпсіздігіне арналған оқыту материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар INMART сауда желісінің 100 мың қаптамасына, «Детский мир» дүкендерінің пакеттеріне, медициналық ұйымдардың рецептілік бланкілеріне, сондай-ақ арнайы стикерлер мен магниттерге орналастырылды. Бұдан бөлек, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында «Қауіпсіз терезе» тақырыбындағы билбордтар орнатылып, LED-экрандарда профилактикалық бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде.

          Республикада алғаш рет Павлодар қаласындағы салынып жатқан «Достық» тұрғын ауданында терезе конструкцияларының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізілді. Сондай-ақ алғаш рет балаларға арналған арнайы бояу кітабы әзірленіп, онда тұрмыста және көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары ойын түрінде түсіндіріледі.