
Өрт ошақтарын жою үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті қажетті күштер мен құралдарды әзірледі. Қазіргі уақытта 117 қызметкер, 71 техника, 53 арқалық өрт сөндіргіш, 90 сыпыртқы-қаққыш және 28 мотопомпа толық дайындықта тұр. Сонымен қатар құрамында 132 қызметкер мен жол талғамайтын 35 өрт және қосалқы техникасы бар резервтік топ жасақталған.
Мамандар күн сайын геоақпараттық сервистердің көмегімен орман және дала өрттеріне ғарыштық мониторинг жүргізеді, - деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватымен және облыстың орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, бейнебақылау камералары департаменттің кезекші бөліміне біріктірілді. Бұл орман алқаптарындағы өрт жағдайын тәулік бойы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Осындай жүйе Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де енгізілуде.
Шалғайдағы елді мекендерді қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар 80 өрт сөндіру бекетін құрды. Олар халқы 114 мыңнан асатын 254 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекеттердің қарамағында 87 техника, оның ішінде 55 өрт сөндіру автокөлігі мен 32 бейімделген техника бар.
«Ауыл құтқарушылары» бөлімшелері өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олар өрттер мен жану оқиғаларына 87 рет шыққан. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 190 болған.
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында 2026 жылы облыстың 32 елді мекенін қорғау үшін 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу және жұмыс істеп тұрған 16 бекетті жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласына қарасты Қарасор ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, М. Омаров атындағы, Шиқылдақ және Бесқауға ауылдарындағы үш бекет жаңартылды.
Профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері ТЖД қызметкерлері, полиция, табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан құралған мобильді топтар 1200-ден астам рейдтік іс-шара өткізді.