
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Баянауыл ауданындағы Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді.
Жазғы маусымның басталуымен өңір тұрғындары мен қонақтарының көпшілігі Павлодар облысының інжу-маржаны саналатын Баянауыл ауданына демалуға барады. Алайда табиғат аясындағы демалыс кезінде, әсіресе суда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпау қажет.
Құтқарушылар демалушылармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп, судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын еске салып, азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Рейд барысында су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігі қағидаларын бұзудың 5 факті анықталды: 2 жағдайда шағын көлемді су көлігінде құтқару кеудешесінсіз жүру, 2 жағдайда шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу және қауіпсіз шомылу аймағының шекарасын белгілейтін қалқымалардан асып жүзу фактісі тіркелді. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Павлодар облысы ТЖД еске салады: тек рұқсат етілген орындарда шомылыңыздар, қалқималардан асып жүзбеңіздер, шағын көлемді су көліктерінде болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіздер және балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыздар. Осы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау демалысты қауіпсіз өткізуге және қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.