Павлодарда құтқарушылардың шомылу маусымына дайындығы тексерілді

Павлодарда құтқарушылардың шомылу маусымына дайындығы тексерілді

   

Павлодар қаласының Орталық жағалауында Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының жеке құрамының алдағы шомылу маусымына дайындығына арналған саптық байқауы өтті. Іс-шара барысында құтқарушылар күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруға дайын екендіктерін көрсетіп, арнайы техника мен жабдықтардың дайындығын тексерді.

          Саптық байқау кезінде бөлімшенің техникалық жарақтандырылуына ерекше назар аударылды. Сүңгуір жабдықтары, жүзу құралдары, эхолоттар, құтқару кеудешелері, байланыс құралдары және судағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті өзге де жабдықтар тексерілді.

          Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде құтқарушылардың көрсетілімдік жаттығулары ұйымдастырылды. Жоспар бойынша ер адам қайықтан құлап, суға бата бастаған. Құтқарушылар «Марлин» катерімен оқиға орнына жедел жетіп, зардап шегушіні суда құтқару және оны жағаға эвакуациялау алгоритмін пысықтады. Сонымен қатар, сүңгуірлер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық жағажай акваториясын екі метрге дейінгі тереңдікте тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізді.

          Шомылу маусымы кезеңінде құтқарушылар өңірдің су айдындарын күн сайын патрульдейді. Оқиғалардың алдын алу үшін дыбыстық сүйемелдеуі бар ұшқышсыз ұшу аппараты белсенді қолданылады. Бұл құрылғы қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды жедел анықтап, азаматтарға қауіп туралы ескерту жасауға мүмкіндік береді.

          Заманауи техникамен жарақтандырылуы, кәсіби даярлығы және тәулік бойы жүргізілетін патрульдеу жұмыстарының арқасында Павлодар облысы ТЖД құтқару бөлімшелері шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын.

          Күннің ысуына байланысты ТЖД қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жабдықталмаған орындарда суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйде суға шықпауға шақырады.