Халыққа қызмет ету — отбасылық мұрат: Павлодар облысындағы құтқарушылар әулеті

Халыққа қызмет ету — отбасылық мұрат: Павлодар облысындағы құтқарушылар әулеті

Халықаралық отбасы күніне орай адамдарға қызмет етуді өмірлік мұратқа айналдырып, бірнеше ұрпақ бойы осы жолды жалғастырып келе жатқан отбасылар ерекше құрметке лайық. Осындай өнегелі әулеттердің бірі — Асқарова Какима Хайрулловнаның отбасы.

          Какима Хайрулловна өмірінің 25 жылын ТЖ жүйесіне арнады. Оның ішінде 10 жыл бойы Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарды. Кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығының арқасында ол туыстарына үлгі болып, азаматтық қорғау саласындағы отбасылық дәстүрдің жалғасуына себепкер болды. Бүгінде де белсенді өмір салтын ұстанып, департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрайымы қызметін атқаруда.

          Қазіргі таңда әулет өкілдері Павлодар облысы мен Абай облысының ТЖД бөлімшелерінде абыроймен қызмет етуде. Ұлы Арман Шақабаев 10 жылдан астам уақыт бойы Жедел-құтқару жасағында құтқарушы болып еңбек етіп, азаматтарды құтқару және тұрғындарға көмек көрсету ісіне үлес қосып келеді.

          Сондай-ақ Ермек, Болат және Кәкім есімді туған бауырларының қыздары мен ұлдары да халыққа қызмет ету жолын таңдаған.

          Айнұр Асқарова — азаматтық қорғау подполковнигі, ТЖД мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының бас маманы. Ол азаматтық қорғау органдарында 17 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның иығында төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы мол тәжірибе жатыр.

          Ал Павлодар ауданы ТЖБ №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Дархан Асқаров 15 жылдан астам уақытын адам өмірін құтқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнаған. Бүгінде ол өз тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретіп келеді.

          Асанәлі Маңғазбаев Абай облысы Бородулиха ауданының №17 өрт сөндіру бөлімінде аға сержант болып қызмет атқарады.

          Бұл отбасының тарихы — ұрпақтар сабақтастығының, мамандыққа адалдықтың және шынайы отбасылық бірліктің жарқын үлгісі. Олардың еңбегі, ерлігі мен қызметке деген адалдығы азаматтық қорғау жүйесінің мақтанышы әрі зор құрметке лайық.