
Отан қорғаушылар күніне орай күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқаруға асығатын жандарға ерекше алғыс айтылады. Солардың бірі — 17 жылдық еңбек өтілі бар аға құтқарушы Камзин Нұрболат Сержанұлы.
Ол бұл мамандыққа әскерден кейін келген. Әскери борышын Алматы қаласында ТЖМ әскерлерінде өтеген. Дәл сол жерде, халықаралық жарыстар кезінде болашақ әріптестерімен танысып, өз өмірін құтқару ісімен байланыстыруға шешім қабылдайды.
Бүгінде құтқарушының қоржынында жүздеген шақырту мен ондаған құтқарылған адам бар. Ең жиі кездесетін шақыртулардың бірі — есік ашу жұмыстары.
Ең ауыр операциялардың бірі Майқайыңда орын алған. Онда адамдар мінген автобус жер астына түсіп кеткен еді. Құтқарушы өз ауысымымен бірге төтенше жағдай орнына алғашқы күннен бастап қатысып, бір ай бойы сол жерде жұмыс істеді.
Екібастұз қаласының жедел-құтқару жасағындағы әр қызметкер сүңгуір болып табылады. Үлкен тәжірибесіне қарамастан, Нұрболат ешбір ерлік жалғыз жасалмайтынын айтады. Қызметтің негізі — бірлік, өзара көмек және ең қиын сәттерде бір-біріне тірек бола білу. Бос уақытында Нұрболат кітап оқып, табиғат аясында демалғанды ұнатады. Ал қызметте ол 17 жылдан бері қиын сәтте бірінші болып көмекке келетін жан болып қала беруде.