Павлодар облысында табиғи өрттердің алдын алу шаралары әуеден күшейтіледі

Павлодар облысында табиғи өрттердің алдын алу шаралары әуеден күшейтіледі

6 сәуірден бастап өңірлік орман қоры аумағында өрт қауіпті кезеңі жарияланды.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов Павлодар облысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлағандай, табиғи өрттерді жедел анықтау үшін павлодарлық өрт сөндірушілер 8 ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосты. Дрондар өткен жылы мониторинг жүргізуде де, өртті сөндіру жұмыстары кезінде де өз тиімділігін дәлелдеді.

- Біз күн сайын орман алқаптарына ғарыштық және бейнемониторинг жүргіземіз, - деді спикер. - Кезекші бөлім жүйесіне «Ертіс орманы» резерваты мен Павлодар орман мекемесінен 41 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Бұл тәжірибе бейнебақылауды қолдану табиғи өрттерді тек біздің аумақта ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның көршілес облыстары мен Ресей Федерациясының аумақтарында да ерте сатыда анықтауға септігін тигізетінін көрсетті. Қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық табиғи паркінде тағы сегіз камераны біріктіру жұмыстары жүргізілуде, бұл біздің бақылау аймағымызды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысының аумағындағы өрт қауіпті маусымына «Қазавиақұтқару» мекемесі де дайындалды. Баянауыл ауданының аумағында авиациялық патрульдеу жүргізу үшін 230 ұшу сағаты бекітілді. Ал қызметтің Павлодар бөлімшесіне келетін болсақ, мұнда бөлінген ұшу уақыты 460 сағатты құрады. Авиациялық қызмет өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі таңда барлық авиациялық техника тексеріліп, патрульдеу маршруттары нақтыланды, сондай-ақ жанармай қоры мен қажетті инвентарь жасақталды.