
Павлодар облысында облыс әкімі Асаин Байхановтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Жиынның негізгі тақырыбы – өңірдің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығын қамтамасыз ету.
Баяндамамен Рустамбек Амрин, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы сөз сөйледі. Тұрақты оң температураның орнауына және қардың қарқынды еруіне байланысты ойпаң жерлерді су басу қаупі артып отырғаны атап өтілді. Кеңесте азаматтық қорғау жүйесі мен облыстың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының дайындығы қаралды.
Атқарушы органдарға, әсіресе шалғай елді мекендерде қарды шығару жұмыстарын күшейту, абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша рейдтерді жандандыру және қарды уақтылы тазаламағаны үшін әкімшілік шаралар қолдану тапсырылды. Сонымен қатар жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстарын жеделдету және адамдардың мұзға шығуына, көліктердің жүруіне тыйым салу бойынша бақылауды күшейту міндеті қойылды.
Қалалар мен аудандар әкімдіктеріне су тасқыны қаупі бар елді мекендерге жауапты қызметкерлерді бекітіп, жағдайды күн сайын мониторингтеу, ауылдардың айналасында еріген суды бұру үшін бөгеттер тұрғызу және аумақтарды қаралау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ арнайы техника мен мотопомпалардың дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Бұдан бөлек, жанар-жағармай материалдарының, инертті материалдардың және қаптардың қорын алдын ала көбейту міндеттелді.
Төтенше жағдайлар департаменті жағдай күрделенген жағдайда жедел әрекет ету үшін күштер мен құралдардың дайын болуын қамтамасыз етті.
Қабылданған шаралар елді мекендерді су басу қаупін төмендетуге және ықтимал залалды барынша азайтуға бағытталған.