Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілді

Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілді

 

Павлодар облысындағы су тасқыны жағдайы туралы Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов баяндады. Бүгінгі таңда өңір аумағында ылғал қоры мен топырақтың қату көрсеткіштері барлық параметрлер бойынша нормадан жоғары. Жыл басынан бері жауған жауын-шашын мөлшері 64 мм норма кезінде 103 мм-ді құрады.

          – «Қазгидромет» РМК-ның наурыз айына арналған консультативтік болжамына сәйкес, ауаның орташа температурасы -3,8-ден +6,9 градусқа дейін болады, – деді спикер. – Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 градусқа жоғары. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері нормадан артық болады деп күтілуде.

           Мамандар облыс аумағын еріген қар сулары салдарынан су басу қаупі бойынша аймақтарға бөлді. Жоғары қауіп аймағына Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай және Тереңкөл аудандары кірді. Орташа қауіп аймағына Ақсу қаласы және оның ауылдық аймағы, Май, Шарбақты және Аққулы аудандары жатқызылды. Ал Успен және Павлодар аудандарында су басу қаупі төмен.

          – Біз жер бедерінің ойпаң тұстарында орналасқан 58 елді мекенді есепке алдық. Онда 2 мыңға жуық тұрғын үй мен 10 мыңға жуық адам бар, – деді Қайрат Шаймарденов. – Оның ішінде 28 елді мекен қардың еруі салдарынан, тағы 28-і табиғат қорғау мақсатындағы су жіберулер кезеңінде өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіп аймағында. Ал екі ауыл гидротехникалық құрылыстар зақымданған жағдайда тәуекел аймағына кіреді.

          Елді мекендерді су басу қаупін азайту мақсатында инженерлік жұмыстар мен өзге де кешенді іс-шаралар жоспарлары әзірленді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден қарды белсенді түрде шығару жұмыстарын жүргізуде. Қыс басталғалы бері өңір бойынша 1,1 млн тоннадан астам қар шығарылды.