Қызметтік сапта: адам өмірін құтқарушы әйелдер

Қызметтік сапта: адам өмірін құтқарушы әйелдер

  Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз күн сайын адамдардың өмірі мен денсаулығын арашалап жүрген әйелдер туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз. Олардың қызметі зор төзімділікті, жоғары жауапкершілікті және толық жанқиярлықты талап етеді. Олар бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіреді, дабыл қоңырауларын қабылдайды, медициналық көмек көрсетеді және өзгелерге жігер береді.

  Алғашқы қоңырау қабылдаған диспетчерден қызмет басшысына дейін

  Жетісу облысы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы Орталық өрт байланыс пунктінің жұмысы ең жауапты әрі ең күрделі қызметтердің бірі. Мұнда әр минут сайын адам өміріне тікелей әсер ететін шешімдер қабылданады.

  Орталық өрт байланыс пунктінің бастығы азаматтық қорғау капитаны Гүлзат Елшібайқызы Байбарақова еңбек жолын диспетчерден бастап басшы болды. 19 жасында алғаш рет «101» желісі бойынша дабыл қоңырауларын қабылдап, кезекшілікке түсті. Бүгінде оның 18 жылдық қызмет тәжірибесі, жүздеген күрделі жағдайлар мен баға жетпес кәсіби тәжірибесі бар.

  Тәулігіне орта есеппен желіге әртүрлі сипаттағы 300-ден астам қоңырау түседі. Диспетчер тек шақыртуды жедел қабылдап қана қоймай, өтініш берушіні сабырға шақырып, дүрбелеңге жол бермей, ақпаратты бөлімшелерге нақты әрі дәл жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, жауапкершілігі мен сабырлылығы Гүлзаттың талапшыл әрі әділ басшы болуына мүмкіндік берді. Ал шаңырағында ол сүйікті жар, үш баланың аяулы анасы, отбасы үшін жылу мен қамқорлықтың қайнар көзі болып қала береді.

  Байланыста және мінберде

  Қарағанды облысы ТЖД №13 өрт бөлімі радиотелефонисті Мария Чеботарева  бір-бірін толықтыратын рух күші мен кәсібиліктің мысалы.

  Оның қызметі ең шиеленісті сәттерде дауысты қамтамасыз ету, бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіру және төтенше жағдайларды жою кезінде үздіксіз байланысты қамтамасыз ету. Марияның мұқияттылығы мен жылдам әрекеті өрт есептерінің нақты әрі дұрыс іс-қимыл жасауына тікелей әсер етеді.

  2024 жылы Мария Төтенше жағдайлар министрі кубогының чемпионы атанса, 2025 жылы бұл атақты растады және ТЖМ кубогының екі дүркін чемпионы болды. Сол жылы ол әйелдер арасында 64 кг дейінгі салмақта Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Түркияның Бурса қаласында өткен әлем чемпионатында «Жекпе-жек» дисциплинасы бойынша алтын медаль жеңіп алу ерекше мақтаныш болды.

  Бүгінде Мария Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, елді халықаралық аренада лайықты түрде танытып жүр.

  18 жыл 24/7 байланыста

  Маңғыстау облысы ТЖД №1 мамандандырылған өрт бөлімінде радиотелефонисті Динара Крыжановская қызмет атқарады. Ол 18 жылдан бері бөлімшенің жеделдігі мен іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етіп келеді.

  Қызметін №8 өрт сөндіру бөлімінде аға қызметкер ретінде бастаған Динара мінезін шыңдап, басқарушылық тәжірибе жинақтады. Бүгінде оның дауысы шақыртуларға шығатындарға тыныштық пен сенімділік береді. Әріптестері оның кәсібилігін, төзімділігін және кез келген жағдайда тез шешім қабылдай білу қабілетін ерекше атап өтеді.

  Қызметтен тыс Динара бақытты жар және үш баланың анасы. Бос уақытында шығармашылықпен айналысады: тоқиды, тігеді, өз қолымен бұйымдар жасайды, отбасының естеліктерін сақтап жүреді. Оның өмірлік үлгісі қызметтік борыш пен отбасылық құндылықтардың үйлесімділігі.

  Шұғыл медицинаның күші мен мейірімділігі

  Павлодар облысы Төтенше жағдайлар медицинасы орталығы филиалы шұғыл әрекет ету бригадасының фельдшері Сварицкая Махаббат Балтабаевна төрт жылдан астам уақыт апаттар медицинасы жүйесінде қызмет атқарады. Төтенше жағдайларда ол зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетіп, кәсібилігін, жинақылығын және жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетін танытады.

  Әріптестері оны сенімділігі, тәртіптілігі және командалық рухы үшін жоғары бағалайды. Дағдыларын үздіксіз жетілдіруі, жаттығуларға қатысуы және жоғары жауапкершілігі оны шұғыл медицинаның лайықты өкілі етеді.

  Азаматтық қорғау жүйесіндегі әйелдер – тек жоғары кәсіби мамандар ғана емес, сондай-ақ отбасының жылуын сақтаушы, ерлік, күш және ісіне адалдық үлгісін көрсететін әйелдер.