
Өңірде республикалық «Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау күштері мен құралдарын әзірлікке келтіріп, көктемгі төтенше жағдайлар, ең алдымен су тасқыны кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауда.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батыргужиновтың төрағалығымен, ТЖД бастығы Рустамбек Амриннің қатысуымен мүдделі қызметтердің қатысуымен облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті.
Негізгі назар су тасқынының алдын алу шараларын тәжірибелік түрде іске асыруға аударылды. Павлодар облысы ТЖД-де жедел штаб құрылды.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңі Атамекен кентінде өтуде. Мұнда жылжымалы басқару пункті мен жинақтау-эвакуациялық пункті ашылып, тұрғындарды жылыту пунктіне шартты түрде көшіру ұйымдастырылды, ыстық тамақ пен жатын орындар қарастырылды. Қар шығару жұмыстары жүргізіліп, 507 текше метр қар шығарылды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз аймақтарға айдалды.
Сонымен қатар аэрожетек пен жоғары өтімді техника қолданылып, адамдарды іздеу және құтқару бойынша операция өткізілді. Іс-шараларға «Қызыл Жарты Ай» қоғамының еріктілері де қатысты.
25–27 ақпан аралығында облыста 65-тен астам практикалық іс-шара жоспарланған: бөгеттер мен дамбаларды нығайту, су өткізу құбырларын тазалау, су бұру арналарының құрылысын ұйымдастыру, эвакуациялық пункттер мен көшіру бағыттарын тексеру.
Көктемгі су тасқынына әрекет ету үшін 1 871 адамнан, 975 техникадан және 21 жүзу құралынан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталды.