
Бүгінгі таңда Павлодар облысында төрт мұз өткелі жұмыс істейді. Олар Аққулы ауданының Ямышево ауылында, сондай-ақ Тереңкөл ауданының Тереңкөл, Береговое және Песчаное елді мекендерінде орналасқан.
ТЖД қызметкерлері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Зерттеу барысында ауа-райы жағдайлары, өткел орнын таңдау, мұздың қалыңдығы және қар жамылғысының жағдайы ескерілді.
Мұз өткелдерін зерттеу қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады. Өткелдердің негізгі міндеттері: қауіпсіз өтуді ұйымдастыру және мұздың жай-күйін тұрақты бақылау.
Тексеру қорытындысы бойынша барлық өткелдердің құтқару құрал-саймандарымен жабдықталғаны, қажетті жол және ескерту белгілерімен және үнемі қардан тазартылатыны анықталды.
Павлодар облысы ТЖД еске салады: су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз және арнайы жабдықталған өткелдердің шекарасынан тыс мұзға шықпаңыз.