ТЖМ өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растайтын орган құруды жоспарлап отыр

ТЖМ өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растайтын орган құруды жоспарлап отыр

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растайтын орган құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа орган министрлікке қарасты «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ базасында орналастырылады деп жоспарлануда.

  Аталған органды құру Еуразиялық экономикалық одақтың 043 «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентінің талаптары аясында жүзеге асырылуда. Онда міндетті сертификаттау және декларациялау арқылы сәйкестікті бағалауға жататын өнімдер тізбесі белгіленген. Бұл тізбеге өрт техникасы, өрт-техникалық жабдықтар, өрт сөндіргіштер, өрт дабылы жүйелері және өзге де өрт қауіпсіздігі құралдары кіреді.

 

   Қазіргі уақытта Қазақстанның аумағында өрт-техникалық өнімдердің жекелеген түрлері бойынша ғана қызмет көрсететін сәйкестікті растайтын шамамен бес жекеменшік орган жұмыс істейді.

   ТЖМ базасында құрылатын сәйкестікті растайтын орган ЕЭО 043/2017 техникалық регламенті талаптарына сәйкестікті бағалауды жүзеге асыратын болады деп жоспарлануда.

  Бұл бастаманы іске асыру өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті бағалау жүйесінің тиімділігін арттырып, техникалық реттеу инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.

   Сәйкестікті растайтын органды құру жұмыстарының аяқталуы биылғы жылға жоспарланған.