
«Ауыл құтқарушылар» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның өңірлерінде ерікті өртке қарсы құралым өрт сөндіру пункттерін құру және дамыту жұмысы белсенді жалғасуда. Жобаның негізгі мақсаты өрт қауіпсіздігін арттыру, тұрақты қауіпсіздік инфрақұрылымын қалыптастыру және ауылдық жерлерде азаматтық қорғаныс жүйесін нығайту.
Павлодар ауданының Луганск ауылында төтенше жағдайларға жедел ден қоюға арналған заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Павлодар облысының әкімдігі мен ТЖД басшылығы қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғұжинов ерікті өртке қарсы құралым бірыңғай жедел ден қою жүйесінің маңызды бөлігіне айналып, ауылдық елді мекендерде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі күні Павлодар ауданында сегіз өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, ал облыс бойынша олардың саны 77-ге жетті. Бұл нысан жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ жүйелі жұмысының нәтижесі. Луганск ауылындағы өрт сөндіру бекетін реновациялау өрт шығу қаупін азайтуға, азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтауға, сондай-ақ төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған», - деп ТЖД бастығы полковник Рустамбек Амрин атап өтті.
Қайта құру барысында ауқымды жұмыстар кешені жүзеге асырылды: өрт сөндіру автомобильдеріне арналған жылыту жүйесі бар бокстың құрылысы жүргізілді, тұрмыстық бөлмелер жаңартылды, жылыту жүйесі орнатылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді, аумақ абаттандырылып, асфальт төселді.
Өрт сөндіру бекеті заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нысанды байланыс құралдарымен, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен және қажетті өрт-техникалық жабдықтармен, атап айтқанда сатылармен, шлангтармен, оқпандармен, колонкалар және өрт сөндірушілерге арналған жауынгерлік киім жиынтығы бар арнайы өрт машинасымен толықтырды.
Жергілікті тұрғындар арасынан ерікті өртке қарсы құралым құрылды, ол Луганск ауылы ғана емес, сондай-ақ көршілес Богдановка және Аққұдық елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде 2000-нан астам адам тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының Белое ауылында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен осындай өрт сөндіру пункті ашылды. «Тюркин и Со» ЖШС базасында құрылған жаңа бекет төрт елді мекеннің, барлығы 849 тұрғынның өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз етеді. Бекет ТЖД берген өрт машинасымен және барлық қажетті өрт-техникалық құралдармен жабдықталған. Қызметкерлерге жауынгерлік киім жиынтығы, сондай-ақ қысқы және жазғы формалар берілді. Бекет ғимаратында қызметкерлердің жұмыс істеуі мен демалуы үшін қолайлы жағдай жасалған.
Ерікті жаңа өртке қарсы құралым пункттерін құру ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін нығайтуға және өңірлердің төтенше жағдайларға жедел ден қою дайындығын арттыруға ықпал етеді.