Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымындағы ең лайықты әрі беделді бөлімдердің бірі — өртке қарсы қызмет екені сөзсіз. Бұл қызметтің тарихы 1895 жылдан басталады. Сол жылы Павлодар қаласында болған ірі өрттен кейін көпестер Плотников пен Попов өз қаражаттарына алғашқы өрт сөндіру бекетін, пирс, су мұнарасын тұрғызып, кейін бақылау мұнарасы орнатылып, оған қоңырау ілінді. Дәл осы қоңырау 1901 жылғы 24 мамырда 674 адам баспанасыз қалған алапат өрт кезінде дабыл қаққан болатын. Қазіргі таңда бұл тарихи қоңырау өртке қарсы қызмет музейінде сақтаулы тұр.
Павлодар облысы гарнизонының қызметкерлері өрт сөндіру кезінде бірнеше рет жанқиярлық танытып, кәсіби шеберліктерін көрсетіп, өз өмірлерін қатерге тіге отырып, адамдарды құтқарды.
Өртке қарсы қызмет ең көне бөлім болса, ең жас құрылым – бұл жедел-құтқару жасағы.
Бүгінде көшелерде көк-сары жолақтары бар, жарқылдауық шамдары жанған құтқару көліктері ешкімді таңғалдырмайды. Алайда шамамен жиырма жыл бұрын Павлодар қаласында мұндай арнайы жасақ туралы тек армандауға ғана болатын. Шын мәнінде, сол кездері Қазақстанның бірде-бір қаласында осындай кәсіби құтқару қызметі болған жоқ. Барлығы әрдайымғыдай — шынайы ынтамен, шынайы бастамадан басталды.
2000 жылы Павлодар қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрмағамбетов Т.К. қала әкімі Николай Чмыхқа «Құтқару қызметін» құру туралы бастама көтерді.
Бұл идея алғашында шындыққа жанаспайтындай көрінді, алайда түрлі уәждер келтірілді: қаланың қарқынды дамып жатқаны, жуырдағы сынап төгілу оқиғасы, химиялық зауыттың жақындығы, ең бастысы – адам өмірін құтқаруға қосымша мүмкіндік қажет екені. Өйткені адам өмірі – баға жетпес құндылық. Мүмкін, соңғы дәлел ең сенімдісі болған шығар — әкімдік арнайы техникаларға қаржы бөлді. Осылайша химиялық зауыттағы газдан құтқару қызметі базасында қалалық «051 – Құтқару қызметі» құрылды. Павлодар қаласының құтқарушылары 2000 жылғы 1 маусымда алғашқы кезекшілікке шықты. Қызметтің алғашқы бастығы болып Касьяненко Андрей Викторович тағайындалды. Көп ұзамай дәл осындай құтқару жасағы шахтерлер қаласы Екібастұзда да ашылды. Осы жылдар бойы бұл қызметтің негізін қалаушылардың бірі – М. Ташенов болды.
Содан бері құтқару жасағының құрылымы мен мүмкіндіктері айтарлықтай өзгерді. 2009 жылдың наурыз айынан бастап құтқару қызметінің бірыңғай нөмірі – 112 болды. Қызметте кадрлар саны артты, сүңгуірлер мен кинологтар бөлімшесі құрылды. Техникалық жабдықтар да едәуір жақсарды.
Алайда, бір нәрсе өзгермейді: құтқарушылардың басты міндеті – адам өмірін сақтау.