Ардагерлер бұрынғы әріптестер, Екібастұз қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері Александр Васильевич Девятовты 80 жасқа толған мерейтойымен жылы лебізбен құттықтады.
Еңбек жолын Александр Васильевич он жеті жасында жүрек қалауымен Екібастұз қаласына Бүкілодақтық құрылысына келіп бастады. Сол жылдары тың жерлерді игеру, Екібастұз ГРЭС-ін салу, атақты көмір кен орындарын игеру қарқынды жүріп жатқан еді.
1965 жылы жас та жігерлі жасөспірімді КСРО ІІМ-нің Свердловск өрт-техникалық училищесіне оқуға жіберді. Оқуды сәтті аяқтаған соң, ол Қазақстан Республикасының ІІМ қарамағына Павлодар облысына жіберілді.
1968 жылдың мамыр айынан 1994 жылға дейін Екібастұз қаласының ІІМ-де қызмет етті. Әртүрлі қызметтерде жұмыс істеп, мемлекеттік өрт қадағалау инспекторынан бастап жеке құраммен жұмыс жөніндегі өрт сөндіру күзетінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
Екібастұз қаласының өртке қарсы қызметі әскери бөлімге айналғанға дейін қалалық өрт сөндіру күзетін басқарды. Александр Васильевич Екібастұзда екі өрт сөндіру бөлімшесін салудың бастамашысы болды. 1976 жылы сырттай Мәскеу қаласындағы КСРО ІІМ Жоғары өрт-техникалық мектебін бітірді.
Қызметтік міндеттерін табысты орындағаны үшін бірнеше рет мақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталды. Қазақ КСР ІІМ бұйрығымен «Мемлекеттік өрт қадағалаудың үздік инспекторы» атағы берілді, Павлодар облысы ІІБ бастығының бұйрығымен Құрмет грамотасымен марапатталды. 1980 жылы КСРО ІІМ №411 бұйрығымен «Өрт күзетінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. «Мінсіз қызметі үшін» үш дәрежелі медальдармен және Екібастұз қалалық милиция бөлімінің басшылығы тарапынан талай марапатталды.
Көп жылдық қызметінен кейін 1994 жылы ішкі қызмет майоры атағымен зейнетке шықты.
Дегенмен, зейнет демалысында жүрсе де, Александр Васильевич Екібастұз гарнизоны жеке құрамымен үлкен идеологиялық жұмыс жүргізіп, түрлі іс-шараларға белсене қатысады, Екібастұз қаласының ТЖ бөлімшелерінің алғашқы ардагерлік ұйымы төрағасының орынбасары болып сайланды.
Павлодар облысы ТЖ департаменті басшылығы атынан Алғыс хатты салтанатты түрде ардагерлер кеңесінің төрайымы Қакима Хайрулловна Аскарова табыс етті. Белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс сөздер Екібастұз қалалық ІІБ ардагерлер ұйымы төрағасының және қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары атынан да айтылды.
Мерейтой иесін сонымен қатар ардагерлер – Алдаберген Мерекеұлы Карабалин, Владимир Викторович Кукшин, Виктор Алексеевич Применко да құттықтап, ұзақ жылдар бойы атқарған қызметтері жайлы естеліктерімен бөлісті.