Железин ауданында азаматтық қорғау бойынша кешенді оқу-жаттығу өтуде

Железин ауданында азаматтық қорғау бойынша кешенді оқу-жаттығу өтуде

2025 жылғы 17-19 маусым аралығында Железин ауданында "Табиғи және техногендік төтенше жағдайлар туындаған кезде басқару органдарының, азаматтық қорғау күштерінің және халықтың іс-қимылдары" тақырыбы бойынша кешенді оқу-жаттығу өткізіліп жатыр. Оқу-жаттығу "Павлодар облысының басқару органдарын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштерін және тұрғындарын 2025 жылға арналған Төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындау жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары" шеңберінде ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығудың бірінші күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйым басшыларының, облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері өкілдерінің, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жұмыс отырысы өтті. Қатысушыларға оқу-жаттығудың жедел тапсырмасы мен жоспары ұсынылды. Жедел штаб басқару органдарына "Жоғары дайындық" тәртібінде міндеттер қойды. Сондай-ақ, аудандық буын басшылығының азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға дайындығы туралы баяндамалары тыңдалды.

Отырыстан кейін қатысушылар "Қазақтелеком" АҚ филиалы базасында байланыс қызметінің жұмысымен танысты. Төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде халықты хабардар етуге арналған электр сиреналарын іске қосу және олардың дайындығын тексеру жүргізілді.

Бірінші күннің аяқталуы ауданның азаматтық қорғаныс бастығының қосалқы басқару пунктін тексеру және оның жұмысқа дайындығын бағалау болды.