
Маңғыстау облысында өрт сөндіруші-құтқарушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жауынгерлік дайындығын жетілдіру және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі сауатты әрекет ету дағдыларын шыңдау мақсатында газ-түтіннен қорғаушылар арасында облыстық жарыс өткізілді.
Жарысқа Маңғыстау облысының өрт сөндіру бөлімдерінен 13 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыс барысында қатысушылар газ-түтіннен қорғау буынының құрамында жұмыс істеу, түтін басқан ортада бағдарлау, зардап шеккендерді іздеу және құтқару, сондай-ақ жауынгерлік міндеттерді белгіленген уақыт ішінде орындау бойынша кәсіби дайындықтары мен ептіліктерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтау қаласы ТЖБ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, екінші орынды Мұнайлы ауданы ТЖБ №12 өрт сөндіру бөлімі, үшінші орынды Ақтау қаласы ТЖБ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі иеленді.
Жарыс барысында өрт сөндіруші-құтқарушылар жоғары кәсіби шеберлік, командалық үйлесімділік, төзімділік пен батылдық танытты.
Мұндай жарыстар өрт сөндіру бөлімдерінің жауынгерлік әзірлігін арттырып қана қоймай, газ-түтіннен қорғаушылардың күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын болуын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жарысқа қатысқан барлық командаларға алғыс білдіреміз. Жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тілейміз.
Маңғыстау облысы ТЖД