Маңғыстау облысында шомылу маусымында балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі

Маңғыстау облысында шомылу маусымында балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі

29 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу және шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Жиында өңір басшысы адам өмірі мен денсаулығын сақтау, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан өңірдегі ахуал туралы баяндалып, тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар, су айдындарындағы рейдтік іс-шаралар, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Жиын барысында жауапты мемлекеттік органдарға халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, көпқабатты тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейту, жаңа тұрғын үйлерді терезе қорғаныс құрылғыларымен жабдықтау жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Сонымен қатар шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды көбейту, рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді шараларды жалғастыру міндеттелді.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай барлық жауапты мекемелерге профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға, сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Маңғыстау облысы ТЖД