Ақтау қаласында су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша түнгі профилактикалық іс-шара өткізілді

Ақтау қаласында су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша түнгі профилактикалық іс-шара өткізілді

Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың пирстерінде түнгі уақытта судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейд өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыру және су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру. Рейд барысында демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігі, сондай-ақ түнгі уақытта пирстерде жүру мен суға түсудің қауіптілігі туралы ескертілді. Сонымен қатар, шағын көлемді кемелердің иелері мен жолаушыларына ерекше назар аударылды. Қызметкерлер шағын көлемді кемелерде жүзу кезінде кемедегі әрбір адамның құтқару кеудешесін киюі міндетті екенін түсіндірді. Құтқару кеудешесін пайдалану – судағы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді қауіпсіздік шараларының бірі. Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындар мен қала қонақтарын су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, жабдықталмаған жерлерде суға түспеуге және шағын көлемді кемелерде болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырады. Мұндай профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы бойы тұрақты түрде өткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Маңғыстау облысы ТЖД