Маңғыстаулық құтқарушылар республикалық чемпионатта жүлделі орындарға ие болды

Маңғыстаулық құтқарушылар республикалық чемпионатта жүлделі орындарға ие болды

2026 жылғы 16-20 наурыз аралығында Өскемен қаласындағы ШҚО ТЖД оқу-жаттығу спорт кешенінде ҚР ТЖМ ұйымдастыруымен өрт-сөндіру-құтқару спорты бойынша ХХХІV ерлер, ХІІ әйелдер және ХІ жасөспірім ұлдар арасындағы Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтті.

Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен үздік өрт сөндіруші-құтқарушылар жиналып, екі кезең бойынша өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 100 метрге кедергілермен жүгіруде Қонысбаев Абай 15.87 секунд көрсеткішпен ең үздік уақытты тіркеді. Ал қоссайыс қорытындысында 30.31 секунд нәтижемен жүлделі ІІ орынды иеленді. Оның ішінде шабуыл сатысымен көтерілу көрсеткіші 14.44 секундты, ал кедергілер жолағын жүгіру 15.87 секундты құрады.

Әйелдер арасында да маңғыстаулық спортшылар лайықты өнер көрсетті. 100 метрге кедергілермен жүгіруде Реджеметова Ситора 17.16 секунд нәтижемен чемпион атанды. Ал шабуыл сатысымен көтерілу бойынша Жұмақова Сәнім 7.69 секунд көрсеткішпен жартылай финалға өтті.

Жалпы командалық есепте Маңғыстау облысының әйелдер құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, ІІІ орынды иеленді. Бұл — облыс тарихындағы алғашқы осындай жетістік болып табылады. Команда жекелей кезеңдерде де тұрақты нәтиже көрсетіп, шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу және 100 метрге кедергілермен жүгіру бойынша 4-орыннан көрінді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұханов Мұрат күтіп алып, оларды жоғары жетістіктерімен құттықтады.

Маңғыстау облысы ТЖД