Болашаққа қадам: Азаматтық қорғау академиясына жол

Болашаққа қадам: Азаматтық қорғау академиясына жол

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Жоспарлау және жедел басқару орталығының қызметкерлері Ақтау қаласындағы Исатай Сүйеубаев атындағы №8 жалпы білім беретін мектеп 9–11 сынып оқушыларымен Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы оқу орнына түсу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында оқушыларға Академияға қабылдау тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Үміткерлерге қойылатын талаптар, қажетті құжаттар тізімі, іріктеу кезеңдері және дене даярлығы нормативтері таныстырылды. Сонымен қатар қызметкерлер оқу орнының артықшылықтары, білім беру үдерісінің ерекшеліктері, курсанттардың әлеуметтік кепілдіктері мен болашақтағы қызметтік мүмкіндіктері туралы баяндады. Оқушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды. Қосымша барлық қажетті ақпарат пен құжаттар тізімі ата-аналар чаттарына жолданды.

Кездесу соңында департамент өкілдері Академия еліміздің азаматтық қорғау жүйесі үшін офицерлік құрам мен құтқарушыларды даярлайтын жетекші мамандандырылған жоғары оқу орны екенін атап өтіп, түлектерді жауапты әрі мәртебелі мамандықты саналы түрде таңдауға шақырды.

Маңғыстау облысының ТЖД