«Caspian Riviera Grand Palace Hotel» қонақүйінде өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

«Caspian Riviera Grand Palace Hotel» қонақүйінде өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

Ақтау қаласында Caspian Riviera қонақүй кешенінің базасында Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қатысуымен өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шара төтенше жағдайлар мен өрт туындаған кездегі жедел қызметтер мен нысан персоналының іс-қимылға дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оқу-жаттығудың тактикалық жоспарына сәйкес, шартты өрт ғимараттың бесінші қабатындағы қойма бөлмесінде тоңазытқыш жабдығының қысқа тұйықталуы салдарынан туындап, кейіннен қабаттарға түтін таралған. Нысан әкімшілігі дереу қонақтар мен қызметкерлерді хабардар етіп, адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялауды ұйымдастырды.«Шартты» өрт орнына департамент бөлімшелері жедел түрде жетті. Өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарын құрды, шартты зардап шеккендерді құтқару және өрт ошағын сөндіру үшін оқпандар беру іс-қимылдарын пысықтады. Сонымен қатар ғимараттың өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысы, қонақүй әкімшілігімен және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимыл тексерілді.Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдарды үйлестіру, бөлімшелерді басқару, сондай-ақ қонақтарды эвакуациялау және өрт сөндірудің бастапқы құралдарын пайдалану бойынша персоналдың практикалық дағдыларына ерекше назар аударылды.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті еске салады: өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және персоналдың тұрақты түрде жаттығу өткізуі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі.

 

Маңғыстау облысы ТЖД