Ақтауда екінші жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Ақтауда екінші жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

  Ақтау қаласының 35-шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылуы өтті. Бұл 2025 жылдың басынан бері қалада пайдалануға берілген екінші өрт сөндіру депосы. Өңірдің азаматтық қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам саналады.

  Салтанатты іс-шараға Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің жеке құрамы қатысты.

  Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ерлан Төрегелдиев жаңа нысанның пайдалануға берілуі өрт сөндіру бөлімшелерінің шақырту орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

  Жаңа өрт сөндіру депосының кілті №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығына табысталып, бөлімшенің ресми ашылғанын білдірді.

  Салтанатты шара барысында өрт сөндірушілерге үш бірлік жаңа өрт сөндіру техникасының кілттері тапсырылды. Бұл бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтудағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға және қызмет атқаруға қолайлы жағдай жасау мақсатында алты қызметтік пәтердің кілттері берілді.

  Өрт сөндіру депосы жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған. Нысан құрамына негізгі өрт сөндіру депосы ғимараты, жеке құрамды орналастыруға арналған алты пәтерден тұратын екі қабатты жеке жатақхана, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дене дайындығын қамтамасыз етуге арналған спорт залы кіреді.

  Жаңа өрт сөндіру депосы заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен және құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда қызметтік, тұрмыстық және оқу бөлмелері, демалыс орындары, сондай-ақ техниканы орналастыруға арналған ангар қарастырылған, бұл тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік береді.

  Өрт сөндіру депосы Ақтау қаласының 35-шағын ауданын және оған іргелес аумақтарды, оның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды қамти отырып, жалпы саны 40 000 адам тұратын аумақтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Ресми бөлім аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар жаңа өрт сөндіру депосының материалдық-техникалық базасымен және өрт-құтқару техникасының үлгілерімен танысты.