Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық және қауіпсіздік шаралары талқыланды

Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық және қауіпсіздік шаралары талқыланды

Бүгін, 8 желтоқсанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырыснда өңірдің қысқы маусымға дайындығы, көпқабатты тұрғын үйлер маңындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері және облыс аумағындағы биологиялық қауіпсіздіктің жай-күйі талқыланды.

        Ақтауда биік тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты өрт сөндіру техникаларының аулаларға еркін кіруі бойынша мәселе қаралып, осыған байланысты қала әкімдігіне биік үйлердің аумақтарында өрт техникасына арналған арнайы жолдар мен алаңдарды белгілеу бойынша ұсыныстар берілді. Аталған ұсыныс облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, облыстық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып орындау бойынша тиісті тапсырмалар қойылды.

        «Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Әрбір адамның өмірі мен денсаулығы маңызды. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелерге өздеріне жүктелген міндеттерді толық әрі уақытылы орындауды тапсырамын», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы ТЖД