Маңғыстау облысында шомылу маусымының басталуына байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын күшейтті. Каспий теңізінің жағалауы бойында құтқару бекеттері ұйымдастырылып, су түбін тазарту және жағалау аумағын тексеру жұмыстары жүргізілді.
Рұқсат етілмеген шомылу орындарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізіліп, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылуда. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге бағытталған түсіндіру жұмыстарына және шағын көлемді кемелердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді: тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылып, балаларды қараусыз қалдырмау және алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеу қажет.
Өміріңіздің қауіпсіздігі – өз қолыңызда. Теңіз қателікті кешірмейді.
Маңғыстау облысы ТЖД