Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 2025 жылғы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз" республикалық акциясы аясында бастауыш сынып оқушылары арасында бірқатар тәрбиелік маңызы зор шаралар ұйымдастырды.
Іс-шара аясында "Менің бақытты балалық шағым" атты сурет байқауы мен "Қош келдің, жаз!" атты көңілді эстафета өткізілді. Мақсат – жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жазғы демалыс кезінде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу, балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге мүмкіндік жасау.
Сурет байқауына қатысқан балалар өздерінің қиялындағы бақытты, бейбіт балалық шақты бейнелеп, өз көзқарастарын түрлі түсті бояулар арқылы жеткізе білді. Байқау шығармашылықпен қатар, балалармен қауіпсіздік ережелері жайлы пікір алмасу алаңына айналды.
Ал "Қош келдің, жаз!" эстафетасында оқушылар спорттық жарыстарға қатысып, топпен жұмыс істеу, ұйымшылдық пен ептілік дағдыларын көрсетті. Эстафета барысында балаларға күнделікті өмірде, табиғат аясында және су айдындарында қауіпсіздік сақтау ережелері түсіндірілді.
Маңғыстау облысы ТЖД қызметкерлері балаларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстап, олардың амандығы – қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.
Осындай іс-шаралар балалардың қауіпсіздігіне назар аудартуға, олардың білімін арттыруға және естен кетпес әсер сыйлауға бағытталған.
Маңғыстау облысы ТЖД