Балалар терезеден құлап кетпеуі үшін не істеу керек?    

Балалар терезеден құлап кетпеуі үшін не істеу керек?      

           Бүгін Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында брифинг өткізілді.

           Брифингтің тақырыбы: Балалардың терезеден құлауының алдын алу туралы.

          Спикер: Қызылорда облысы ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Спанов Бейбітхан Оразайұлы.

           Спанов: «Жыл сайын балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен, балкондарынан құлап кету жағдайлары көбеюде.

            Көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі облыс орталығында болғандықтан, жазатайым оқиғалар Қызылорда қаласында жиі орын алуда. 2024 жылы ата-аналардың немқұрайлы қарауынан өңірде балалардың терезеден құлауының 16 фактісі тіркеліп, 17 бала түрлі жарақаттар алды (2023ж. – 14 бала, оның 1–еуі қаза болды).

            Балалардың терезеден құлау фактісінің басты себебі: ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруынан, терезеде бекіткіштердің болмауынан, москит торлардың жұқалығынан және берік бекітілмеуінен, балалардың терезе алдында ойнауынан.

            Балаларға арналған қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және ұйымдастыру мәселесі бойынша ата-аналардың жауапкершіліктерін арттыру, қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында қажетті шараларды қабылдау туралы тиісті мекемелерге (облыс әкімінің аппаратына, білім басқармасына, қала және  аудандардың әкімдеріне, құрылыс мекемелерінің басшыларына) ұсыныстар мен хаттар жолданды.

           Көпқабатты тұрғын үйлердің және шағын маркет, сауда орындарының кіре беріс есіктерінің тұсына үгіттеу-түсіндіру парақтары ілініп, тұрғын үйлердің  ауласында  ескерту, түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде. 

          Облыс көлемінде сәуір айынан бастап 3 рет интервью, 2 рет «LED» экран арқылы бейнероликтер көрсетілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің 845 тұрғынына жадынамалар таратылып, баспасөзде 4 рет мақала жарияланды. Терезеден құлау фактісін болдырмау мақсатында әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграмм, телеграмм, твитер және т.б.) материалдар жарық көрді.»

      Брифингтің соңында журналистердің тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді.

 

Қызылорда облысы ТЖД