Төтеншеліктер «ЭТНО QUIZ» САЙЫСЫНА ҚАТЫСТЫ     

Төтеншеліктер «ЭТНО QUIZ» САЙЫСЫНА ҚАТЫСТЫ            

   

      18 сәуірде «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында Қызылорда облысының әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлерінен құралған командалар арасында «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өтті.

          Ұйымдастырушылар: «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы.

Сайыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, әскери және құқық қорғау саласы қызметкерлерінің арасында ұлттық, патриоттық рухты көтеру, әріптестік байланысты нығайту.

           Интеллектуалды сайысқа Қызылорда облысының Полиция департаментінің «Сыр сақшысы», Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің «Алаш қырандары», ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің «Ел шебінің тірегі», ҚР Ұлттық Ұлан 5547 әскери бөлімінің «Ел қорғаны», Қызылорда облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының «Тәуелсіздік жұлдыздары», Қызылорда облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» РММ «Құтқарушы қаһарман», Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Сыр сұлулары», Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» командалары қатысып, бақ сынады. 

          Сайыстың қатысушылары 5 кезең бойынша тапсырмаларды орындады. Сайыс барысында қатысушылардың ақпараттық-танымдық деңгейі, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстары мен ұсыныстары, сөз саптауы, пікір тұжырымдауы, көзқарасын білдіруі, тапқырлылығы, шеберлігі бойынша білім-білік дағдылары, сахна мәдениеті сарапқа салынды. 

          Интеллектуалды сайыстың әділ қазылары: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиал төрағасының орынбасары Аманов Жалғасбек Аманұлы, Ұлттық құндылықтар академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал төрағасы Орманова Мария Айтбайқызы, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Дәулетбаева Мартана Қонысбекқызы. 

          Сайыстың этаптарында жинаған ұпайлардың қорытынды нәтижесінде Қызылорда облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» - «Құтқарушы қаһарман» тобы «ЭТНО QUIZ» жеңімпазы деп танылды. Жеңімпаз топқа арнайы диплом мен естелік статуэтка табысталды. Ал, Қызылорда облысы ТЖД - “Құтқарушылар” командасы мазмұнды іс-шараға белсене қатысқаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Өзге де қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Баспасөз қызметі