Тікелей эфирде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев сұхбат берді        

Тікелей эфирде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев сұхбат берді           

      Бүгін «Qyzylorda» телеарнасында «Қайырлы күн, Қызылорда!» бағдарламасында Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау туралы сұхбат берді. Сұхбатты Бекзада Тоғанасова жүргізді.

         Журналист:

         - Бағдарлама төріне қош келдіңіз! Аймағымызда жылдағы белгіленген уақытқа сай  маусымның алғашқы күнінен бастап суға түсу маусымы ашылды. Жағажайларды жарақтандыру, құтқару бекеттерін қажетті жабдықтар мен қамтамасыз ету, орны толмас қайғы мен келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан тәжірибелік  және  кешенді  шаралар туралы  айта отырсаңыз...

         - Қазіргі таңда облысымыздағы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Департамент бастығының 2021 жылғы 5 сәуірде №65 «2021 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығы шықты. Осы ретте Департамент қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында, балық аулайтын орындарда 451 рейд өткізіп, 4897 адамға (473 бала) судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, үнпарақтар таратылуда.

         - Маусым ашылғаннен бері аймағымызға қарасты су айдындарында қанша оқыс оқиға тіркелді? Олардың қаншасы кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты? Құтқарушылар қанша адамның өміріне дер кезінде араша түсіп  үлгерді?

         - 2021 жылдың басынан облыс аумағындағы су айдындарында 17 жағдай тіркеліп 20 адам қаза болды. (оның ішінде 14 бала).

         - Облысымызда қанша су айдындары бар? Олардың барлығында суға шомылуға рұқсаты бар ма? Қауіптілігіне қарай тоқталып айта отырсаңыз.

         - Суға шомылу маусымы ашылғаннан бастап облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда: (Қызылорда қаласындағы «Сыр-самалы» және Белкөл кентінде орналасқан «Абай»). Қазіргі таңда Эдельвейс саяжайының тұсында коммуналдық жағажайдың құрылысы жүріп жатыр. Алайда, жағажайдың ашылуы маусым айының ішіне жоспарланып отыр.

          - Жалпы арнайы мамандардың нұсқаулығын, қауіпсіздік шараларын бұзушылар қандай әкімшілік шаралар  қарастырылған? Биылғы маусым ашылғалы бері жағажайлардағы тәртіпке байланысты қанша адам жауапкершілікке тартылды?

         - Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша ҚР ӘҚБ туралыкодексінің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» қаралған. Аталған бап бойынша қазіргі таңға дейін 20 азаматқа ескерту шарасы көріліп отыр.

         - Бізді тікелей эфирде тамашалап отырған көрермендерімізге суға шомылу науқанындағы  қауіпсіздік,  алғашқы көмек  туралы айтсаңыз..

         - Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады.

         Атап айтсақ:

         - өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі;

         -  спирттік ішімдік ішіп суға түсуі;

         - балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

         Бұларға қоса, суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы бақытсыз жағдайлардың санының көбеюіне ықпалын тигізіп отыр»,-деді Саид Шазындаұлы сұхбат барысында.

Қызылорда облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы