
Табиғи апаттардың бірі - су тасқыны. Ел аумағының табиғат жағдайына байланысты түрлі табиғи апаттар да болып тұрады. Мәселен, Қызылорда облысының кейбір аймақтарында су тасқыны болып, дарияға, су арнасына жақын орналасқан аумақтардағы тұрғын үйлерді су басу қауіпі басым. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, су арналарына жақын маңда орналасқан тұрғындар ұдайы су тасқынынан келетін қауіптің алдын алу қажет. Осы орайда өңір тұрғындары қауіптің боларын алдын ала сезген жағдайда үй ішіндегі техникалық заттар мен бағалы бұйымдарды ыңғайластырып, ең бастысы құжаттарды жадында ұстауы қажет. Егер сіз су арналарына жақын маңда немесе саяжайда тұратын болсаңыз келесі кеңестерді жадыңызда ұстаңыз.
- Техникалық заттар мен тоққа қосылған барлық затты қуат көзінен ажыратып, су өтпейтін жерге қою қажет;
- Есік-терезені қымтап жауып, ең құнды деген құжаттарды өзіңізбен алып жүріңіз;
- Барынша апат болатын аймақтан қандай жағдай болмасын алыс жүруге және ерте бастан қам жасап, көшуге тырысыңыз;
- Су тасқыны бола қалған жағдайда биік жерге шығуға тырысыңыз. Су көлемі сізге жетпейтініне көз жеткізіңіз. Құтқарушылар келгенге дейін көзге көрінетін жерде және қауіпсіз жерде болыңыз. Бұл сізді тауып алуға септігін тигізеді.
- Өзіңізбен құнды құжаттан бөлек, бір киер киіміңізді, уақытша ішпек-жемегіңізді және жылы көрпеше алып алыңыз.
- Суға ағып кетуі қауіпті болған жағдайда барынша жағаға ұмтылуға тырысыңыз. Тал бұталарын қармап қалуға, ық ретінде алып тастардың үстіне шығуға талпыныңыз. Қалай болғанда да сабыр сақтаңыз.
- Суда жүзуге тура келетін жағдай болса барынша сақтықпен барыңыз. Өйткені суық суда 3 минут тұруға болады. Ал арада 5 минут өткен соң ұстама ауруы басталуы мүмкін. Аяқ-қолыңыз тартылып қалмас үшін де абай болыңыз.
- Ең соңғы амал су ағысы қатты әрі сіз қармайтын ештеңе болмаған жағдайда, су бетінде қалқуға қауқарлы затты ұстап алыңыз. Бұл уақыт ұтуыңызға және көмек келгенше амалдауға көмектеседі.
Су тасқыны кезінде әр адам малдың емес, жанның жайын ойлау қажет. Себебі ең басты құндылық адам өмірі екенін естен шығармаңыз.
Қызылорда облысы ТЖД
Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі