Жолдағы қауіпсіздік және су тасқынына қарсы шаралар тақырыбында брифинг өтті  

Жолдағы қауіпсіздік және су тасқынына қарсы шаралар тақырыбында брифинг өтті   

2020 жылғы 12 қарашада  15 сағат 30 минутта Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар  қызметінде Қызылорда облысы ТЖД бастығы азөаматтық қорғау полковнигі Б.Даниловтың, Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Әмитовтің, Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Б. Әлиевтің қатысуымен  «Жолдағы қауіпсіздік шаралары, төтенше жағдайдың алдын алу, су тасқынына қарсы жұмыстар» тақырыбында брифинг өткізілді.

Брифинг барысында Қызылорда облысы ТЖД бастығы Бағдат Жұмаұлы аталған тақырыптар бойынша былай деді: «Сырдария өзенінің ұзындығы облыс аумағында 1 274 шақырымды құрайды. Облыс бойынша Сырдария өзеніне жақын орналасқан су басу аймағына жататын 56 елді мекенде 174 мың тұрғын тұратын 36 мың үй орналасқан, 255 мың үй жануары бар.

Сырдария өзенімен жоғарыдан келген суды облыс аумағынан қауіпсіз өткізу мақсатында "Казгидромет" РМК және "Қазсушар" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалдарынан өзендегі судың деңгейі мен ауа райы туралы күн сайын ақпарат алынып, мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Облыс бойынша 2020-2021 жылдардағы қысқы-көктемгі су тасқынына қарсы шараларға қатыстыруға арналған күш-құралдар: 1081 адам, 361 бірлік техника, 75 су сору мотопомпасы және 1 тікұшақты құрайды.

Оның ішінде: ТЖД 117 жеке құрам, 18 техника, 10 жүзу құралдары мен мотопомпалар дайындыққа келтірілді.

Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде 156 мыңға жуық адамды көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау және 101 қабылдау пункті дайындыққа келтірілді.

Су басу қаупі бар аймақтар учаскелерге бөлініп, оған 126 мекемеден барлығы 411 бірлік арнайы техника және 1 269 адам жауапты болып бекітілген.

Қала, аудан әкімдіктерінің мәліметі бойынша су тасқынына қарсы шараларға материалдық-техникалық қор 76,7 тонна жанар-жағар май, 104 340 дана қап, 27 750 бау қамыс, 5 600 дана пашын, 6 552 қарабура, 286 тонна қойтас т.б. материалдар қорлары жасақталды.

«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының мәліметіне сәйкес бүгінгі күнге Шардара су қоймасынан төмен қарай 75 м3/сек су жіберілуде, Сырдария өзені арнасымен жоғарыдан келген су көлемі Қызылорда облысының аумағына 110 м3/сек. су өтуде, Қызылорда су торабынан 85 м3/сек., Айтек су торабынан 0 м3/сек., Қараөзек арнасына 82 м3/сек., Қазалы су торабынан 20 м3/сек., Ақлақ су торабынан 20 м3/сек., Арал теңізіне 12 м3/сек. көлемінде су жіберілуде.

 

Қысқы кезеңде облыс аумағында қауіпті метеорологиялық құбылыстарға байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы ықтимал. Табиғи құбылыстардың салдарынан облыс аумағындағы автожолдарда жыл сайын автокөліктердің қар құрсауында қалу жағдайлары  орын алады.

Облыс аумағындағы қыс мезгілдерінде автожолдарда зардап шеккендерді қабылдауға арналған 13 жылыту пункті бар.

Олардың 11 жылыту пункті  М-32 «Самара-Шымкент» автожолының бойында ал 2 жылыту пункті А-17 «Қызылорда-Жезқазған»  автожолының бойында орналасқан. Оның ішінде 3 жылыту пункті күре жолдық медициналық құтқару бекетінде орналасқан.

Су айдындарында мұз үстінде балық аулау кезінде адамдардың суға кету жағдайлары орын алуда.

Атап айтар болсақ 2019-2020 жылдардың қыс мезгілінде 5 адам балық аулау кезінде суға батып кеткен. Оның біреуі осы уақытқа дейін табылған жоқ.

Мұз үстінде балық аулау кезінде адамдардың қаза болу себептері: қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан су айдындарына шығып кетуінің салдарынан.

Облыс аумағындағы су айдындарында мұз үстінде балық аулау кезіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Қызылорда облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы, Қызылорда облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және Полиция департаментімен бірлесіп, су айдындарында қауіпсіздікті сақтау бойынша 236 рейд жүргізілді. Рейдке 846 қызметкер мен 235 ерікті тартылып, 3468 тұрғынға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желідегі парақшаларда балық аулаудағы сақтық шаралары  жөнінде сұхбаттар, мақалалар мен бейнероликтер жарияланды.

Қыс мезгілінде облыс су айдындарында төтенше жағдайларға әрекет ету мақсатында 19 техника, 19 қайық  дайын тұр.»

Қызылорда облысы ТЖД