Шиелі күре жолдық медициналық құтқару бекетінде баспасөз-туры өтті

Шиелі күре жолдық медициналық құтқару бекетінде баспасөз-туры өтті

2020 жылғы 12 қарашада сағат 11.00-де Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекені тұсындағы Шиелі күре жолдық медициналық құтқару бекетінде  облыстағы жергілікті журналистердің қатысуымен  баспасөз-туры өтті.

Баспасөз-турына жергілікті журналистер, атап айтқанда «Қоғам ТВ» журналисі Айдана Қауленова, операторы Ғалым Қожақов, «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Айнагүл Манабаева, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Сара Адайбаева, Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналистері Мереке Жалғас, Ержан Жамбыл, Жадыра Серікқалиевалар қатысып, күре жол медициналық бекеті жөнінде көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

          Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Қызылорда облысы бойынша филиалының күре жолдық медициналық құтқару бекеттері «Байгеқұм», «Иіркөл», «Әйтеке би» елді мекені тұстарында 2013 жылдан ашылып, жұмыс жасауда.

 Елбасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге калаймыз» Жолдауына, 2010 жылғы 29 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015  жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» жарлығына сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, күре жолдық медициналық-құтқару бекеттерін ашқан болатын. 

Күре жолдық медициналық  бекеттерде бір ауысымда 5 адам: 3 фельдшер, құтқарушы және жүргізуші-құтқарушыдан құрылған топ еңбек етеді.

Зардап шеккендерді шұғыл құтқару үшін Медициналық пункт құрамына құтқарушылар да қосылды.  Бұл құтқару жұмыстарын өте жылдам жасауға, сондай-ақ зардап шеккендерді оқшаулауға, шұғыл медициналық көмек көрсетуге, емдеу мекемесіне жедел жеткізуге үлкен көмек болады. Күре жолдық медициналық-құтқару бекеттерінің зардап шегушіні эвакуациялайтын, көліктік реанимациялық жүйе кешенімен, иммобилизациялық шиналар жиынтығымен, құтқару құрал-жабдығымен жабдықталған медициналық  реанимобильдері бар.

Күре жол бойындағы құтқару бекетінің құтқарушылары өзі орналасқан нүктеден 50 км. қашықтықтағы оқиғаға жедел жетуге негізделген. Одан арғысын өзге нүктелерге, ауруханаларға хабарлайды. Ал осы 50 км ішінде оқиға болса, онда ауысыммен кезекшілікте тұрған дәрігерлер дабыл түсісімен арнайы көлікпен шұғыл оқиға орнына жетуі тиіс. Талап бойынша құтқарушылар оқиға орнына ең кем дегенде 22 минутта жетуі керек. Сонымен бірге, жолда кетіп бара жатып, денсаулығы сыр беріп, «басы ауырып, балтыры сыздаған» кез-келген азамат осы пунктке хабарласып, қан қысымын өлшетуге, алғашқы медициналық көмек алуға да болады,-деді баспасөз-туры барысында «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Қызылорда облысы бойынша филиалының психологы Жазира Досаева.

          Кейбір азаматтар «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының бойында мұндай бекеттердің бар екендігін біле бермейді. Сондықтан да  Күре жол медициналық құтқару бекеттерінің байланыс телефондарын тағы да  көпшіліктің назарына ұсынамыз:

          Шиелі КЖМҚБ - 8 (7243)25-00-41,  E-mail: tmsp_baigekum@mail.ru

          Қармақшы КЖМҚБ - 8 (7243)74-07-57,  E-mail: tmsp.zhosaly@mail.ru

          Қазалы КЖМҚБ - 8 (7243) 83-00-15,  E-mail:tmsp_aitekebi@mail.ru 

          Жолға шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, сақ болыңыздар! 

Қызылорда облысы ТЖД