Қызылорда облысында екі ерікті өрт сөндіру пункті жұмысын бастады

Қызылорда облысында екі ерікті өрт сөндіру пункті жұмысын бастады

 Қызылорда облысында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Ерікті өрт сөндіру пункттері желісін кеңейту төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын қысқартуға және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.

   Жаңақорған ауданындағы Қандөз ауылында өрт бекетін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Қызылорда облысы ТЖД бастығы Мадияр Мырзагелдиев, Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

   Жобаның іске асырылуы жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында мүмкін болды.

    Өрт сөндіру пункттері бір қабатты ғимараттарда орналасқан және жедел қызметтің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдаймен толық қамтамасыз етілген. Бөлімшелер өрт автоцистерналарымен және заманауи жабдықтармен жарақтандырылып, жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруына қолайлы жағдай жасалған, соның ішінде қыс мезгілінде тұрақты жылыту жүйесі қарастырылған.

    Сонымен қатар Қазалы ауданы Майлыбас ауылдық округінің Ақсуат ауылында да өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа бөлімшелер ауылдар мен жақын орналасқан елді мекендерді қоса алғанда, 6 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

    Өрт сөндіру пункттерін пайдалануға беру өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.