
Тәуелсіздікпен қатар өсіп, елімізбен бірге қалыптасқан жас буын бүгінде түрлі салада табысқа жетіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда. Кеше олар Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңына келіп, жетістікке жету жолындағы өздерінің игілікті қызметтері жөнінде айтты.
- Мен 1991 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келдім. 2013 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс университетіне ауысып, 2017 жылы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою инженері мамандығын аяқтадым. 2023 жылы аталған университеттің “Төтенше жағдайларды жою және азаматтық қорғаныс” мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым. Бүгінде Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасында аға офицер майор қызметін абыроймен атқарып келемін. Оқу барысында түрлі ұлттық-мәдени фестивальдерге, Минскіде өткен “Қазақстан мәдениеті күндері” атты іс-шараларға қатыстым. Осындай игі істердің арқасында оқу орны басшылығы атынан бірнеше рет алғыс хатқа ие болдым. Сондай-ақ, белгілі режиссер Ақан Сатаевтың Белоруссияда түсірілген “Анаға апарар жол” фильмінің қосымша бөлімінде Ұлы Отан соғысының солдаты рөлін сомдау бақытына ие болдым. Бұл қарапайым курсант үшін үлкен мотивация болды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - халқымыздың бақыты. Тәуелсіздіктің арқасында еліміз тыныш, береке-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Мен де өз мамандығым бойынша ел қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етемін,- деді әріптесіміз Ғафур Ақмырзаев.
Сонымен бірге, облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинеколог дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс репродуктологы Бағжан Алтыбасова, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің математика пәнінің мұғалімі Асылхан Тоқмұрзаев та өздерінің білім алу және еңбек жолындағы жеткен жетістіктерін тарқатты.
https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kyzylorda/press/news/details/1126527?lang=kk
Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Баспасөз қызметі