Қызметте де, өмірде де қол ұстасқан жандар   

Қызметте де, өмірде де қол ұстасқан жандар       

       Қызылорда  облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде» отбасылық жұп – Нұрлан мен Жанат қызмет атқарады.

         Иә, бүгінде қызметте де, өмірде де қол ұстасып қатар жүрген жұптар бар. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың азаматттық қорғау органдарында бірге қызмет атқаруы үлкен шыдамдылықты, күш-жігерді талап етеді. Қызылорда  облысының Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінде 7- отбасылық жұп қызмет атқарады екен. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген отбасылардың бірі – Нұрлан мен Жанаттың жанұясы. Екеуі де ел басына қауіп төніп, карантин жарияланғанда қауіпсіздікті сақтауға үлес қосып, тәулік бойы кезекшілікте жүрді.

         Нұрлан Жанәбіл 1970 жылы 30 тамызда Сырдария ауданында дүниеге келген. Нұрлан Нағашыбайұлы 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдап, «әуез және мәдени ағарту» мамандығын, 2010 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, «құрылысшы» біліктілігін алған.

         Нұрлан Нағашыбайұлының ата-анасы мен бауырлары – басқа саланың мамандары. 90-шы жылдары ұстаздардың жалақысы мардымсыз еді. Сол уақытта Өртке қарсы қызмет департаментінің бастығы Ибадулла Түйменовтің: «бізде оркестр бар, соған жетекшілік етіп көрші. Қызмет ауысымдық  болғандықтан, отбасыңмен бірге болуға да уақыт болады» деген еді. Осы ұсынысты қабылдадым да  қарапайым «өрт сөндіруші» болдым.

         Қосымша қоғамдық жұмыс ретінде Департамент жанындағы қызметкерлерден құралған "Сыр лебі" оркестрінің жетекшілігін  атқардым. Шығармашылық жұмыс жаныма жақын сала болғандықтан мені де рухани байытып отырды. Бұған дейін оркестріміз республикалық іс-шараларға да белсене қатысып, жүлделі орындарды иемденген болатын. Кәсіби мерекеге орай жергілікті «Қоғам ТВ» арнасынан оркестрдің концерттік бағдарламасы көрсетілді",-дейді ол әңгіме барысында.    

         Осылайша ол 1998 жылдан бастап Сырдария ауданындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, көлік жүргізушісі болды.

         2005 жылдан Кәсіби даярлық мектебінің оқытушысы, бастықтың орынбасары болды. Кейін «Кезекші өрт сөндіру қызметінің» өрт сөндіру жетекшісінің аға көмекшісі, Сырдария ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, «Өрт сөндіру кезекші қызметінің» жедел кезекшісі, «Кәсіби даярлық мектебінің» бастығы болып еңбек етті.

         Ал жұбайы - Жанат Мейрамбекқызы  жастайынан әскери ортада тәрбиеленгендіктен бала күнінен әскери форма киіп, қызмет етуді армандапты. Тәжиева Жанат Мейрамбекқызы  «тарих-құқықтану» саласының маманы. Қолына диплом ала салысымен-ақ 2003 жылы №4 өрт сөндіру бөліміне «радиотелефонист» болып қызметке қабылданған екен.

         Осылайша, олардың бірге қызмет жасауы, кейіннен олардың   отбасы  болуына ықпал етті. Себебі, олар жұмыс барысында көп уақыттарын бірге өткізе жүріп, отбасын құру туралы шешім қабылдады. Әдетте, қызметте де, отбасында да қатар жүріп, барлық уақытын бірге өткізу ыңғайсыздық тудырып жататынын айтатындар көп. Бірақ бұл олар үшін ешқандай кедергі болған емес, керісінше, үнемі қатар жүру жұмыстарын жақсы атқарып, шаңырақта да шаттықты, береке-бірлікті сақтауға көмек,-дейді олар.

         Кейде мен кезекшілікте боламын, ол үйде болады. Осылайша балаларға көңіл бөлуге мүмкіндік болады. Сондықтан еңбек демалыстарымызды бірге өткізуге тырысамыз, – дейді Нұрлан Нағашыбайұлы. 

         Соңғы уақытта біз азаматтық қорғау қызметкерлерінің қатарынан нәзік жанды қыз-келіншектерді көргенде таң қалмаймыз. Әйелдерге азаматтық қорғау саласындағы қызметкер болу оңай емес. Өйткені, бұл қызмет батылдықты, ептілікті, табандылықты, физикалық дайындық  пен білімділікті талап ететін күрделі сала. Дегенмен, осы күрделі салада қызмет пен отбасында абыройға ие болған Жанаттың еңбегі мақтауға тұрарлық.

         – Мен өзімді басқа қызметте елестете де алмаймын. Мінезім де осы салаға сәйкес келетін сияқты. Телефоннан:  «өртенген үй ішінде адам қалды», -деген суыт хабарды естігенде, қарапайым әйел ретінде ойымды жинақтай алмай қаламын.  Алайда, бір секундтың да аса маңызды екенін ұғынып, жедел ойымды жинақтап, оқиға орнын нақтылаймын. Әрине, шаршайтын кездерім де болады. Бірақ қауіп-қатерде қалған азаматтарға жедел көмек беретін  қызметімді  жақсы көремін,–дейді ол.

         Әлемді дүрліктірген пандемия кезінде ерлі-зайыптылар күшейтілген режимде жұмыс істеді. Күн сайын тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын атқарды, өрт оқиғасын жедел сөндіруге атсалысты.

         Оған қоса Нұрлан Нағашыбайұлы әдеттегідей, Өрт сөндіру кезекшілігінде ауысымда тәулік бойына кезекшілік атқарды. Өрттің бетін қайтаруға бар күш-жігері мен тәжірибесін салды. Қызметіне адал болды.       Иә, жұмыс орнында ерлі-зайыптылардың да денсаулығына назар аударылып, дерттен қорғану үшін арнайы гигиеналық талапты сақтау, қоршаған ортаны дезинфекциялық  тазалау жұмыстары  ұдайы  атқарылды.

         Олар қызметте әскери адам ретінде темірдей тәртіпті сақтайтын адамдар, ал, отбасында балаларына аса мейірімді және қамқор ата-ана. Бос уақыттары болса балаларымен бірге өткізуге тырысады. Футболды жақсы көретін Нұрлан Нағашыбайұлы бес жасар ұлы Темірланмен доп тепкенді, табиғат аясына шығып, саябақта қыдырғанды ұнатады. Ал, Жанат Мейрамбекқызы жасөспірім қыздары  Айым және Айданаға ас әзірлеуді, киім тігуді үйретуде.

         «Отбасымыздың  амандығы  мен  қызметте  абыройлы болудан асқан бақыт жоқ»,-  дейді олар.

 

Айгүл Нұрманова,

Қызылорда облысы ТЖД бас маманы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

#ТЖМ25ЖЫЛ #МЧС25ЛЕТ

#ТЖДҚЫЗЫЛОРДА

#ДЧСКЫЗЫЛОРДА