Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерлігі, жанқиярлығы және жоғары кәсіби шеберлігі үшін ТЖМ-нің 20 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың арасында Қызылорда облысы ТЖД №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қуанышбек Жаңабаев та бар. Ол ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2025 жылғы 21 қазандағы жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Қуанышбек Әмитұлы азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері аянбай қызмет етіп келеді. Ол қатысқан өрт сөндіру-құтқару оқиғасы жеткілікті. Солардың бірі - өткен жылдың 6 маусымында Қызылорда қаласында Абай көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған оқиға еді. Аталмыш өртті сөндіру кезінде оның ерлігі айқын көрінді. Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына жеткен ол өрт сөндіру жұмыстарын басқарып, қою түтін мен тұрғындар арасындағы үрей жағдайында адамдарды құтқару ісін ұйымдастырды.
Пәтерлердің біріндегі 2 жасөспірім дер кезінде құтқарылды.
Оның сауатты, батыл және үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде 2 тұрғын аман қалды.
Бұл оқиға - ерліктің, кәсіби шеберліктің және өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісі.
Азаматтық қорғау майоры Қуанышбек Жаңабаев өз еңбегімен жоғары мемлекеттік награда - «Ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылды.
Әріптесімізді мемлекеттік наградасымен құттықтаймыз!
