Аспан аруы

Аспан аруы

 (сұқбат) 

Кейіпкер туралы бірер сөз 

          Нұрғалиева Назель Үсенқызы.

1999 жылы 8 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген.

2016 жылы Семей қаласындағы №17 орта мектебін бітірген.

2021 жылы Азаматтық авиация академиясын тәмамдаған.

«Қазавиақұтқару» АҚ-да «EC-145» ӘК ұшқышы.

          Әуе кемесін тізгіндейтін арулардың саны елімізде саусақпен санарлықтай ғана. Бүгінде олардың бірқатары «Қазавиақұтқару» АҚ-да қызмет етуде.

          Қызылорда өңірінде ұйымдастырылатын оқу-жаттығулар кезінде және әуе кемесін пайдалана отырып, науқастарды тасымалдау жұмысында көзге түсіп жүрген ұшқыш қыз ол – Назель Үсенқызы. Кәсіпқойлық, еңбекқорлық, іскерлік, жауаптылық, тәртіптілік, жинақылық сияқты қасиеттер оның бір бойына жинақталғандай. «Республика күні» қарсаңында еліміздің санаулы ұшқыш қыздарының бірі - Назель Нұрғалиевамен әңгімелесуді ұйғардық.

Авиация саласына келу жолыңыз?

          Бала кезімнен ұшқыш болуды армандадым деп айта алмаймын. Тек жоғары сыныптарда өмірімді авиациямен байланыстырғым келді.            2016 жылдан бастап Азаматтық авиация академиясының студенті болдым. Екінші курста тікұшақпен ұшатын 10 адам таңдалды.Олардың қатарында мен де болдым.2018 жылдың жазынан бастап «Бурундай» аэродромында алғашқы тәжірибе басталды. «Bell-206b3» тікұшағымен ұштым. Бір қозғалтқышы бар бір бұрандалы тікұшақ. Бірінші нұсқаушым Серебрянский Юрий Петрович болды.

          5-ші курста екі техниканың арасында таңдау жасалды. Бұл «Ми-8» және «EC-145». Таңдау «EC-145»- ке түсті. Бұл екі қозғалтқышы бар бір бұрандалы тікұшақ. Ал 2021 жылдың қысында «Eurocopter Kazakhstan Engineering» зауытында қайта оқыту өтті. Теориялық дайындық айының 45 сағаты жаттығу орнында, 10 сағаты тікұшақтың өзінде өткізіліп, қайта даярлау барысы сәтті аяқталды. 2021 жылдың маусым айынан бастап «Қазавиақұтқару» АҚ-да «EC-145» екінші ұшқышы лауазымына жұмысқа орналастым. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап әуе кемесінің командирі қызметіне ауыстырылдым. Жұмысым өте қызықты десем болады. Бірнеше іссапарларға шығу, жаңа мекенжайларға бару, адамдармен жолығу және түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Ешқашан ұшқыш мамандығын таңдағаныма өкінген емеспін. Тәжірибелі әріптестер әрқашан тәжірибелерімен бөліседі, көмектеседі және кеңес береді. Қазіргі уақытта ұшу уақытым 850 сағатты құрайды, оның 750-і «EC-145» ӘК (әуе кемесінде).

Қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

          Менің жұмысым, яғни компанияның жұмысы Қазақстанның аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ санитарлық авиация желісі бойынша ұшуды орындаймыз, өрт сөндіруге қатысамыз, ормандарды қараймыз. 2024 жылдан бастап ӘК командирі қызметіндемін. Шынымды айтсам, әрұшу, әр тапсырма естеліктерге толы. Әр сәтте қызықты, ерекше, есте қаларлық жайттар бар.           Мен үшін жағдайы ауыр науқастарды тасымалдау күрделірек. Психологиялық тұрғыда қиын, жүйкесі әлсіздерге арналмаған көрініс деуге болады. Кез-келгенжұмыстың өз қиыншылығы бар. Менің мамандығым туралы әңгіме өрбітетін болсақ, ешкім ешқашан «мінсіз ұшады» деуге кепіл жоқ, аса жауапты мамандық. Сондықтан  ұдайы білім жетілдіру қажет. Тәжірибелік сабақтардың маңызы зор. Мейлі 20 жаста болыңыз немесе 50 жасқа келсеңіз де, ұдайы оқу-білім алу маңызды. Әйел адамавиацияда деген жағдайда, «ол ештеңе істей алмайды», деген жаңсақ стереотиптік пікір бар. Әрине, ол қате пікір. Қазір қыздар үшін барлық салада есік ашық, қызмет етуге мүмкіндік көп.         

Ұшқыштарға қандай қабілет қажет? Қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

          Кәсіби ұшқыш болу үшін өз ісіне берілгендік, табандылық, стресске төзімділік және кейде тіпті қатаңдықта қажет. Қыздарға батыл болуға, мінезін шыңдауға және үйренуге кеңес берер едім. Ең бастысы – жалпы қабылданған стереотиптерге байланысты арманнан ешқашан бас тартпаңыз.

          Адамдардың өміріне жауаптылықты танытқанды ұнатамын. Біздің көптеген ұшуларымыз төтенше жағдайларға – өрттерге, су тасқынына және басқа да оқиғаларға байланысты болып келеді. Өзімнің қатысуыммен құтқарылған әрбір өмір  бұл істі әрі қарай да талмай, жалғастыра беруге жігер мен шабыт  береді.

Ата-анаңыз туралы, сіз сияқты ұшқышты тәрбиелеген адамдар туралы айтсаңыз?

         

          «Әкем - Үсен Сейітқанұлы, күзетші болып еңбек етеді. Анашым - Гүлбақыт Көкенқызы үй шаруасында. Ағам - Дәулет Үсенұлы шекара қызметінде қызмет етуде. Қазақтың қарапайым жанұясында өскенмін.»,-дейді Назель Нұрғалиева отбасы туралы. «Өзім тұрмысқа шықпағанмын. Менің қызметімді түсінетін, қолдай білетін, нағыз  ер-азамат кезіксе, үлгілі жанұя құру мақсатым бар»,-деді ол.

          Мағыналы әңгімеңізге рақмет, мақсатыңыз орындала берсін. Сізді келе жатқан Республика күнімен құттықтаймыз. Қызметте абырой, өзіңізге зор денсаулық, бақыт тілейміз.

 

Сұқбаттасқан,

Айгүл Нұрманова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.