
Бүгін Қызылорда облысы ТЖД мәжіліс залында ерекше жиын өтті. Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы бұрынғы бастығы Руслан Қайрақбаевты құрметпен шығарып салды.
Руслан Қайрақбаев 1981 жылы туған. 2002 жылы ҚР ТЖА Көкшетау техникалық институтын, 2005 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін бітірген. Еңбек жолын №11 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға инженер болып бастаған.
Ол төмендегідей қызмет сатыларында шыңдалған кәсіби маман:
Өртке қарсы қызмет саласында анықтаушы, аға анықтаушы, аға инженер, бас маманы, Төтенше жағдайлар саласында Өртке қарсы нормалау бөлімінің аға инженері, бөлім бастығы болды. Жедел ден қою басқармасының жедел кезекшісі, азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын бақылау бөлімінің бас маманы, Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
2021 жылдан бастап Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып қызмет етті.
Келтірілген мәліметтерден байқалғандай, ол азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бастап абыроймен қызмет етті.
Мәжіліс залда өткен жиында Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Мадияр Мырзагелдиев алғыс адресаты мен ұжым атынан естелік сыйлықты аталмыш департаменттің бұрынғы бастығы Руслан Қайрақбаевқа табыс етті.
Жиынға қатысқан сала ардагерлері тарапынан да полковник Руслан Сламбекұлына алғыс білдірілді. «Ол атасы - Боданның, әкесі - Сламбектің еңбек жолын абыроймен жалғастыра білген кәсіби маман бола білді»,-деп атап өтті олар. Оның іскер, әділ, адамгершілікті, ізгілікті көшбасшы болғанына ұжым мүшелері де ризашылығын білдірді. Сонымен бірге оны ҚР ТЖМ ТЖ жою департаментінің бастығы лауазымымен құттықтады. Жаңа қызмет орнында жетістікке жете беруіне тілектестіктерін білдірді.
Қызылорда облысы ТЖД