Зейнет демалысы. Әлем чемпионы. Арнаулы атақ.  

Зейнет демалысы. Әлем чемпионы. Арнаулы атақ.   

          Жуырда Қызылорда облысы ТЖД мәжіліс залында маңызды іс-шаралар өтті.

          Атап айтқанда, Жоспарлау және жедел басқару орталығының жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Амангелдиев Қуаныш Серікұлын зейнетке шығу құрметіне орай департамент басшылығы мен ұжымы құттықтады.

          Амангелдиев Қуаныш Серікұлы 1987 жылы Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында туған. 2008 жылдан бастап өңірдегі азаматтық қорғау саласында еңбек еткен. Еңбек жолын №9 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып бастаған. Ол №15, 13, 8, 4 өрт сөндіру бөлімдерінде де өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші, қарауыл бастығы болып қызмет еткен.

          Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Темірбек Бейсенбин оған абыройлы қызметі үшін алғыс білдіріп, оның иығына ұлттық шапан жауып, құттықтау адресатын табыс етті. Әріптестері де Қуаныш Серікұлына игі тілектерін арнады.

          Одан соң іс-шара барысы әлем чемпионына алғыс хатты табыстауға ұласты.

          Жұмадинова Ақеркеге департаменттің басшылығы атынан алғыс хат табысталды.  Ол жуырда Түркия Республикасының Бурса қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғаған болатын. Яғни,   «Өзін-өзі қорғау» түрінен 50 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған еді. Сонымен бірге оның жаттықтырушысы Нұрлан Естерекұлына алғыс айтылды.

          Одан кейін сала қызметкерлері – Еламан Ешмағанбетке «азаматтық қорғау майоры» және Мырзаханов Ақсұңқарға «азаматтық қорғау аға лейтенанты» кезекті арнаулы атағы табысталды.

Қызылорда облысы ТЖД