АҚЕРКЕ ЖҰМАДИНОВА - ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

АҚЕРКЕ ЖҰМАДИНОВА - ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

          Түркия Республикасының Бурса қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатына 32 елден 300-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстанның намысын қорғаған Жұмадинова Ақерке «өзін-өзі қорғау» түрінен 50 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

          Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Ақерке Жұмадинова мен оның жаттықтырушысы Нұрлан Естерекұлы айтты.

          - Қоян-қолтық ұрыс спортымен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Бұған дейін дзюдо, самбо және қазақша күрес түрлерімен айналысып, мол тәжірибе жинадым. Бұл спорт түрлері менің техникамды жетілдіріп, шыдамдылық пен төзімділікке баулыды. Әлем чемпионатына ұзақ және тыңғылықты дайындық жүргізілді. Чемпионатта 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Бұл салмақ дәрежеде 10-нан аса мықты спортшы қыздар жарысқа түсті. Қарсыластарымның барлығы жоғары деңгейдегі спортшылар болды. Дегенмен, үздіксіз дайындықтың, табандылықтың және қажырлы еңбектің нәтижесінде жеңіске жеттім. Алдағы уақытта да осы бағыттағы дайындықты жалғастырып, шеберлігімді арттыра бермекпін. Елімнің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғау - басты мақсатым, - деді Ақерке Бауыржанқызы.

          Ақерке әлем чемпионатына дейін де көптеген спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленген. Әлем чемпионатына дайындық ұзақ әрі жүйелі түрде жүргізілді. Жарысқа іріктеу кезеңі ақпан айында өтті, сол кезде Ақерке бас жүлдені иеленіп, чемпионатқа жолдама алды. Әр кезеңде спортшының техникасы мен физикалық дайындығы барынша шыңдалды, тактикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлдік. Ақеркенің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында осындай жоғары жетістікке қол жеткіздік, - деді оның жаттықтырушысы Нұрлан Естерекұлы.

Қызылорда облысы ТЖД