Қостанайда өрт қауіпті кезеңіне байланысты профилактикалық іс- шара өтті
Қостанай облысының ТЖД мамандары Алтынсарин ауданында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейд өткізді.
Іс-шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері қатысты. Рейд барысында демалыс аймақтарынын құрғақ шөптерді отпен тұтатпау, қоқысты рұқсатсыз өртеу, сондай-ақ отты абайсыз пайдалану сияқты құқық бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде бірқатар азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
— Мұндай рейдтердің басты мақсаты – жаз мезгіліндегі өрттердің алдын алу. Әсіресе, ашық алаңда от жағу, құрғақ шөп пен қоқысты өртеу үлкен қауіп төндіреді. Бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды, — дейді ТЖД қызметкерлері.
Сонымен қатар, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылды. Мамандар төтенше жағдай туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне жедел хабарласу қажеттігін еске салды.