
Қостанай қаласында өртке қарсы қызмет мұражайының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға «Қазақстанның өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дәурен Данаев, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен ардагерлер қатысты.
Қостанай облысының өртке қарсы қызмет музейі 1983 жылы құрылған. Оның негізін Ұлы Отан соғысының ардагері, өртке қарсы қызметтің бұрынғы басшысы Төлеміс Қанашұлы Әбілтаев қалаған. Мұражай алғашында №69 өрт сөндіру бөлімінің базасында орналасқан болса, 2025 жылы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне көшірілді. Қазіргі уақытта мұражай Қостанай қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының ғимаратында орналасқан.
Бүгінде мұражай екі негізгі көрме залынан тұрады. Бірінші зал Қостанай облысының өртке қарсы қызметінің қалыптасуы мен даму тарихына арналған. Мұнда қызметтің негізгі кезеңдерін бейнелейтін көптеген бірегей жәдігерлер қойылған. Келушілер 1898 жылы салынған алғашқы өрт сөндіру бөлімінің («каланча») макетін, әр жылдардағы жауынгерлік киім үлгілерін, 1914 жылы шығарылған қол өрт сорғысын, мотопомпаны, спорттық жарыстардың эмблемаларын, формалық киімнің айырым белгілерін және басқа да тарихи экспонаттарды тамашалай алады.
Екінші «Жауынгерлік даңқ» залы қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан ТЖД қызметкерлеріне арналған. Мұнда естелік стендтер орналастырылған. Экспозиция олардың ерлігі мен жанқиярлығын мәңгі есте сақтауға, жастарға патриоттық тәрбие беруге, құтқарушы мамандығына құрмет пен Отанға адал қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар мұражайда қор сақтау бөлмесі, мұражай меңгерушісінің кабинеті және фойеде орналасқан көркемсурет туындыларының экспозициясы бар.
Қостанай облысының өртке қарсы қызмет мұражайы – өртке қарсы қызметтің қалыптасу тарихын, кәсіби дәстүрлерін, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегін сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттайтын тарихи-патриоттық орталық. Мұндағы әрбір жәдігер қызметтің даму жолы, жетістіктері және азаматтардың қауіпсіздігі жолында өмірін арнаған жандар туралы сыр шертеді.