
Қауіп-қатермен бетпе-бет келу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ал сол сәтте салқынқандылық танытып, өзгенің өмірін сақтап қалу – нағыз ерлік. Осындай батылдық пен кәсібиліктің жарқын үлгісін Қостанай қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қозы-Көрпеш Бекенұлы Дүйсекеев көрсетіп келеді.
1994 жылы Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында дүниеге келген ол еңбек жолын азаматтық қорғау саласымен байланыстырып, 2016 жылдан бері ел қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет етіп келеді. Қарапайымдылық пен жауапкершілікті қатар ұстанған маман өз ісіне адал, әріптестері арасында сыйлы, кәсіби біліктілігі жоғары қызметкер ретінде танылған.
Қызмет барысында Қозы-Көрпеш Бекенұлы бірнеше мәрте күрделі өрттер мен төтенше жағдайларға қатысып, әрдайым шапшаң әрі нақты әрекет етуімен ерекшеленген. Оның тәжірибесі мен білімі талай сын сағатта адамдардың өмірін сақтап қалуға сеп болған.
Мәселен, 2025 жылдың 21 қарашасында Қостанай қаласында болған өрт оқиғасы. Кешкі уақытта көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен шыққан жалын тез арада қою түтінге ұласып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілердің қатарында бөлімше командирі Қозы-Көрпеш Дүйсекеев те болды.
Түтінге тұншыққан подъезге кірген ол газ-түтіннен қорғау қызметінің буынында жұмыс істей отырып, алдымен тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Барлау барысында көрші пәтерде қарт адамдардың қалып қойғаны анықталады. Уақытты жоғалтпай, қауіпті аймаққа қайта кірген құтқарушы егде жастағы әйелді тауып, оған арнайы құтқару капюшонын кигізіп, қауіпсіз жерге алып шықты. Кейін зардап шегушіні медицина қызметкерлеріне тапсырды.
Осы бір батыл әрекеттің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, бір адамның өмірі аман сақталды. Сонымен қатар, тағы бірнеше тұрғын, оның ішінде бір бала да дер кезінде құтқарылды. Жалпы, сол өрт кезінде бес адамның өмірі ажалдан арашаланып қалды.
Мұндай ерлік – күнделікті қызметтің бір бөлігіне айналғанымен, оның артында үлкен жауапкершілік, қажырлы еңбек және шынайы жанашырлық жатыр. Осындай мамандардың арқасында қоғам өзін қауіпсіз сезінеді.
Бүгінде Қозы-Көрпеш Бекенұлының еңбегі лайықты бағасын алып, ҚР ТЖМ министрі Әрінов Шыңғыс Сайранұлы «Ерлігі үшін» медальмен марапаттады. Бұл – оның қызметіне берілген әділ баға ғана емес, ел тыныштығын күзеткен әрбір құтқарушының еңбегіне көрсетілген құрмет.