
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасалды.
Жиын барысында облыстық ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Н.Г. Селимов баяндама жасап, өңірдегі өрт қауіпті кезеңге дайындық барысын таныстырды. Бүгінде облыс бойынша өрттерге жедел әрекет ету үшін 3280 адамнан тұратын күштер тобы және 1122 бірлік техника дайындалған. Сонымен қатар әуе кемелері, өрт сөндіру және қалпына келтіру пойыздары да қарастырылған.
Сондай-ақ өрттің алдын алу мақсатында мобильді топтар құрылып, елді мекендерде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту, өрт сөндіру бекеттерін дамыту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында кешенді жұмыстар қолға алынған. 2025 жылғы желтоқсанда ҚР Төтенше жағдайлар министрі 2026 жылға арналған өрт сөндіру пункттерін құру және жаңғырту жоспарын бекітті. Аталған жоспарға облыстың 30 ауылдық елді мекені енгізіліп, 18 жаңа өрт сөндіру бекетін салу және 12 бекетті жаңғырту көзделген. Нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекеннің өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда облыс аумағында екі өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары мердігермен келісімшарт жасалғаннан кейін басталады.
Департамент тарапынан бекеттерді қажетті техникамен, өрт-техникалық құрал-жабдықтармен және жауынгерлік киім-кешекпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар қызметкерлерді оқыту, қауіпсіздік талаптарын меңгерту және радиобайланыс құралдарымен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріп, өрт қауіпті кезеңді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.