
Қостанай облысында азаматтық қорғау қызметтерінің су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындығын тексеруге бағытталған «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Негізгі практикалық іс-шаралар Қарасу ауданы Ильичев ауылдық округіне қарасты Новоселовка ауылында өтті.
Оқу-жаттығудың негізгі практикалық кезеңіне жедел әрекет етудің жиынтық жасағы, авариялық-құтқару қызметтері, сондай-ақ Қарасу ауданының аумақтық азаматтық қорғау құралымдары жұмылдырылды. Іс-қимылдарды пысықтауға барлығы 160-тан астам жеке құрам және 40-тан астам техника бірлігі, оның ішінде жүзу құралдары мен әуе кемесі тартылды. Осындай практикалық жаттығулар облыстың барлық қалалары мен аудандарында да ұйымдастырылды.
РКШУ-дың басты мақсаты – су тасқыны жағдайының қаупі туындағанда және оның қолайсыз дамуы кезінде әрекет етуге дайындық деңгейін арттыру. Ықтимал салдардың ауқымын айқындау және қажетті күштер мен құралдарды уақытылы жұмылдыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, ауа температурасының күрт көтерілуі, мол жауын-шашын және қардың қарқынды еруі салдарынан су бұру арнасы мен Кундузды өзеніндегі су деңгейі көтерілді. Нәтижесінде Новоселовка ауылында шартты түрде 115 тұрғын үй, автожолдар мен инфрақұрылым нысандары су астында қалып, электр беру желілерінің 30-дан астам тірегі шайылды. Елді мекеннің бір бөлігі тасқын суларымен оқшауланып, кіреберіс жолдар, байланыс және электрмен жабдықтау жүйелері бұзылды.
Оқу-жаттығу барысында «112» нөмірі арқылы халықты жедел хабардар ету, үй-үйді аралау, тұрғындарды уақытша орналастыру пункттеріне көшіру, ауыл шаруашылығы жануарларын шығару және айдап әкету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері пысықталды. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізіліп, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, сондай-ақ шартты зардап шеккен адам авиация көмегімен эвакуацияланды. Құтқарушылар су кедергісінен өту ұйымдастырып, бөлініп кеткен мұз үстінде қалған балықшыны шұғыл құтқару операциясын жүргізді.
Сонымен қатар жағалауды бекіту жұмыстары, үйінді бөгет тұрғызу және қап төсеу, еріген суларды қауіпсіз өткізу үшін өзен арнасын кеңейту, электр беру желілерін қалпына келтіру және су басқан аумақтардан еріген суларды сору шаралары атқарылды. Уақытша орналастыру пунктінде ыстық тамақ, ауыз су беріліп, «жедел желі» жұмысы ұйымдастырылды.
«Көктем-2026» РКШУ қорытындысы бойынша басқару органдары мен азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді іс-қимылы, сондай-ақ Қарасу ауданының күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңіне байланысты төтенше жағдайларға ден қоюға жоғары дайындық деңгейі атап өтілді.