
Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өрт-құтқару спорты бойынша ерлер және әйелдер құрамаларының спортшыларымен кеңес ұйымдастырылды.
Аталған құрамалар қазіргі уақытта Астана қаласына өрт-құтқару спорты бойынша оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Бұл жиындар 2026 жылғы 16–20 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында өтетін өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі. Кеңес барысында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, спортшылардың жиын өтетін орынға бару тәртібі, тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ жаттығу кезеңіне қойылатын негізгі міндеттер айқындалды. Спортшылардың физикалық дайындығын арттыруға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және командалық өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Өрт-құтқару спорты азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл спорт түрі төзімділікті, күшті, жылдам әрекет ету қабілетін дамытуға және жеке құрамның қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді.