ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов Қостанайда

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов Қостанайда

Қостанай облысына ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов жұмыс сапарымен келді.

Іссапар аясында облыс әкімдігі ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бірқатар облыстардың өкілдері қатысты. Кездесуде вице-министр Рамиль Камалов баяндама жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология министрлігі бірлесіп, табиғи өрттерге ден қою және өзара іс-қимыл жасау бойынша жаңа Алгоритм әзірледі. Құжатта жеті түрлі жұмыс режимі қамтылған. Әр режим нақты ахуалға сай әрекет етуді көздейді және орталық пен жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін айқындайды. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді ден қоюға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2022 жылғы Аманқарағайдағы ірі орман өртін ескере отыра , келесі республикалық деңгейдегі  «ӨРТ- 2025 »оқу-жаттығу  дәл осы Қостанай облысында өткізіледі деп жоспарланғаны туралы айтылды.Вице-министрдің айтуынша, 2023–2024 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ТЖМ үшін 1 мыңнан астам техника мен 40 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алған. Ал биыл министрлік тағы 511 техника мен шамамен 3 мың жабдықты сатып алуды көздеп отыр.

Бұл шаралар еліміздегі табиғи апаттардың алдын алу және салдарын азайту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.