Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға департамент басшылары, ардагерлер мен жеке құрам қатысты. Департамент бастығы Марғұлан Аманбаев жеке құрамды айтулы мерекелермен құттықтады.
«Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын! Бұл – ерлік пен табандылықтың, Отанға деген адалдықтың символына айналған ерекше даталар.
Бұл мерекелер терең мағынаға ие. Біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымыз үшін Ұлы Отан соғысының қаһармандарына шексіз құрметімізді білдіреміз. Олардың ерлігі – ел игілігі үшін қызмет ететін әрбір азаматқа адами-рухани бағыт береді.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері Отанға адал қызмет етудің озық дәстүрлерін жалғастырып келеді. Бұрынғыдай, бүгінде де біз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етеміз, кәсібилік пен жанқиярлық, іске адалдық танытып келеміз. Бұл – халқымыз алдындағы біздің борышымыз әрі абыройымыз»,– деп атап өтті Марғұлан Аманбаев.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен қызметкерлерге Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың атынан, облыс әкімінің және департамент басшысының атынан медальдар, мақтау қағаздары мен алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.
Қарағанды облысы ТЖД