Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті батыр сарбаздарға алғыс білдіріп, ерлігі үшін алғыс хат табыстады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері — Асхат Байсейітов, Қыдырбай Ерлан, Вячеслав Қожахметов және Михаил Бубнов Долинка кентіне қызмет бабымен бара жатып, тұрғын үйдің өртеніп жатқанын байқап қалады. Адам өміріне қауіп төнгенін аңғарған ұландықтар бірден әрекетке көшіп, оқиға орнына шұғыл жетеді. Өрттің қызуына, қою түтін мен қауіпке қарамастан, олар жанып жатқан ғимаратқа кіріп, үй ішіндегі үш баланы қауіпсіз жерге эвакуациялап үлгереді.
Батыр сарбаздар бұл әрекетімен шектеліп қалмай, өрт кезінде кез келген сәтте жарылыс қаупін тудыруы мүмкін 50 литрлік газ баллонды да сыртқа шығарып, үлкен апаттың алдын алды.
Осы оқиғаға орай, Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев әскери қызметшілерге көрсеткен ерлігі мен жанқиярлық әрекеті үшін алғыс білдіріп, арнайы алғыс хат табыстады.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев ерлік көрсеткен әскери қызметшілерге алғыс хат табыстай отырып, олардың батыл әрекетін жоғары бағалады: "ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың және бүкіл ұжым атынан сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл – нағыз ерліктің көрінісі. Қызметтік борышты атқару барысында ғана емес, азаматтық жауапкершілікті сезіне отырып, үш баланың өмірін құтқарған сарбаздарымыздың батылдығы барлығына үлгі. Олар өз өмірлерін қауіпке тіккенде, кәсіби дағдылар мен адамгершілік қасиеттерін айқын көрсетті."
Қарағанды облысы ТЖД